50-ден астам депутат Halyk Bank атауындағы «халық» сөзін алып тастауды ұсынды

50-ден астам депутат Halyk Bank атауындағы «халық» сөзін алып тастауды ұсынды
22.10.2025 19:08
0
726
фото: ашық дереккөз

Депутаттар Halyk Bank атауындағы «халық» сөзін алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Парламент депутаттары жекеменшік қаржы институттарының, әсіресе Тимур Құлыбаев бақылайтын Halyk Bank-тің атауында «халық» сөзін қолдануына тыйым салуды ұсынды. 50-ден астам депутат қолдаған бұл бастама қазірдің өзінде «Банктер туралы» заңның 7-бабына түзету ретінде енгізілмек.

Бастаманың авторы, Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында бұл сөздердің жай ғана әдемі атау емес, құқықтық және символдық мәні бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, «халық» ұғымы Конституцияда мемлекеттің егемендігі мен биліктің иесі ретінде қоғамның тұтас бейнесін білдіреді.

Депутаттар жеке банктің атауында мұндай сөзді қолдану азаматтарды шатастырып, қаржы ұйымының шын мәнінде халық атынан әрекет ететіні жөнінде жалған әсер қалдыруы мүмкін деп санайды. Бұл, олардың пікірінше, адал бәсекелестік пен тұтынушылардың сеніміне нұқсан келтіреді.

Мәлімдемеде «халық» сөзін коммерциялық мақсаттағы құрылымның пайдалануын этикалық тұрғыдан да, заңдық жағынан да дұрыс емес деп бағалайды. Әлемдік тәжірибеде де мұндай атаулар көбіне мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдарға ғана тиесілі. 

Бәшімовтың тұжырымы бойынша, банкті жекешелендірген олигархтың оның атауында «халық» сөзін қолдануға құқығы жоқ. Ұсынылып отырған түзету бойынша, банктерге атауында «ұлттық», «орталық», «мемлекеттік», «республикалық» және «халық» сөздерін толық немесе қысқартылған түрде, кез келген тілде қолдануға тыйым салу көзделеді.

Бұл бастамаға Марат Бәшімовтан бөлек М. Толықбаев, Е. Саиров, Б. Базарбек, А. Құспан, Р. Зайытов, Е. Бәпи, Д. Мұқаев және басқа да бірқатар белгілі депутаттар қол қойған.

Алайда бұл бастамаға Қазақстан Инвесторлар қауымдастығы қарсы шықты. Ұйымның мәлімдеуінше, ұсыныс таңдамалы сипатқа ие және іс жүзінде Тимур мен Динара Құлыбаевтардың бақылауындағы Halyk Bank-ке бағытталған.

Қауымдастықтың пікірінше, банктің атауына заңмен тыйым салу конституцияда бекітілген жеке меншік құқығына қайшы келеді. Олар сондай-ақ банк брендінің тарихи қалыптасқанын және он жылдар бойы ел экономикасының ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.

«Қазақстан Халық Банкі (Halyk Bank) - акциялары Лондон қор биржасында (LSE) саудаланатын ашық компания. Халықаралық инвесторлар мұндай бастамаларға өте сезімтал және оларды акционерлердің құқықтарын шектеу ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл Қазақстанның инвестициялық имиджіне теріс әсер етеді, әсіресе ел қазір шетелдік капиталды тарту үшін белсенді жұмыс істеп жатқан кезде.», - делінген қауымдастық мәлімдемесінде.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий