"55 млн теңге": Мақпал Жүнісова алданып қалғанын айтты

14.09.2026 17:01 Мөлдір ҚАЙНАР
129
Фото: коллаж politico.kz

Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында үйінің жөндеу жұмыстарына қатысты бейнежазба жариялап, құрылысшылардың салғырттығына ашынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі баспанасын қомақты қаражатқа жаңартқанымен, арада бір жыл да өтпей үйдің қасбеті опырылып, сылақтары түсе бастағанын көрсетті.

"Мынау менің жөндеу жұмыстарымнан 1 жыл да өткен жоқ. Құрылысшылардың жасап кеткені. Өзіміздің қазақтың жігіттері. 55 миллион ақша алды. 4 ай миымды шірітіп, оларға тамақ беріп, ақшасын төледім. Енді үйдің жан-жағының барлығы түсіп жатыр. Қалай осылай жұмыс жасауға болады? Не деген сұмдық? Еркегі жоқ, жесір әйел деп басынғаны ма?", – деп күйінді әнші.

Сондай-ақ Халық әртісі уақытының тапшылығына байланысты сотқа жүгінбейтінін, бірақ мұндай жауапсыздықты ел білсін деген ниетпен жариялағанын жеткізді.

"Мен ол бригадирді білемін. Бірақ онымен соттасып жүретін менің уақытым жоқ. Жалпы халық білсін деп көрсетіп отырмын. Барлығы түсіп жатыр, астын дұрыс жасамаған, бәрі ілініп тұр. Қалай жыламайсың? Әттең, Зәкең жоқ. Бастарын жұлып алатын еді", – деп түйіндеді Мақпал Жүнісова.

​Желі қолданушылары әншінің жағдайына жанашырлық білдіріп, құрылысшылардың өрескел қателіктерін жіпке тізді. Оқырмандар жұмыстың сапасыздығына күйініп, шеберлердің арына тиетін сөздер жазды.

​«Мақпал апай, мына жердің жұмысы дұрыс жасалмаған екен. Штукатурканың астындағы ескі красканы толық тазаламай, үстінен жауып кеткен. Соның кесірінен краска штукатурканы итеріп, бәрі түсіп жатыр. Ұятсыз құрылысшылар екен», ​«Құдайдан да, аруақтан да қорықпайтын арсыздар екен»,​«Обал-ай, келісімшарт бар ма? Бригадир естіп отырса, келіп жасап берсін», – деп пікір қалдырды оқырмандар.

Войдите, чтобы оставить комментарий