600 мың теңгелік торт үшін соттасқандарға сот үкімі шықты
Астанада кондитер Нұршат Ақбергенова мен танымал блогер Аселина Батыр арасындағы құны 600 мың теңгелік тортқа қатысты шулы сот ісі өз мәресіне жетті. Сот блогерді торттың қалған ақысы мен моральдық шығынды өтеуге міндеттеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Даудың басы кондитер Нұршат Ақбергенованың мәлімдемесінен басталған еді. Оның айтуынша, ол бір апта бойы дайындаған, материалдарына шамамен 440 мың теңге жұмсалған торт үшін блогер Аселина Батыр келісілген 600 мың теңгенің орнына тек 100 мың теңгесін ғана төлеп, қалған соманы бермеген.
Кейіннен кондитер блогердің әлеуметтік желілердегі жазбалары өзінің ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп есептеп, сотқа жүгініп, 3 миллион теңге моральдық шығын өтемін талап еткен.
Сот барысында жүргізілген филологиялық сараптама блогердің жазбаларында кондитердің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін негативті сипаттамалардың барын растады. Ал блогер тарапы сотта талап етілген соманың тым жоғары екенін айтып, даудың өзі Аселинаға кибербуллинг пен қоғамдық қысым тудырғанын алға тартты. Блогер тіпті әлеуметтік желідегі қысымға байланысты істі жабық қарауды да сұраған болатын.
Сот шешімі бойынша блогер Аселина Батырға келесідей міндеттемелер жүктелді:
- Кондитер Нұршат Ақбергеноваға торт үшін қалған соманы – 200 мың теңгені төлеу;
- Талап етілген 3 миллион теңгенің орнына, 100 мың теңге мөлшерінде моральдық шығын өтемін төлеу;
- Кондитерді «алаяқ» деп атаған сөздерін теріске шығаратын ақпаратты әлеуметтік желіде жариялау.
Соңғы жаңалықтар