8-қабаттан құлаған студенттің өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды

09.05.2026 10:20 Қарақат АСЫЛОВА
8-қабаттан құлаған студенттің өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды
862
Шәкіртақымен отбасын асыраған студент қаза тапты

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті-нің 1-курс студенті 20 жастағы Бақтиярдың қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға университет ғимаратында болып, студент 8-қабаттан секіріп кеткен. Оқу орнының мәліметінше, Бақтияр философия мамандығының орыс бөлімінде білім алған. Университет басшылығы оның оқу үлгерімі жақсы болғанын, қысқы сессияны сәтті тапсырып, тұрақты түрде шәкіртақы алып жүргенін хабарлады. Сондай-ақ студенттің гранттан айырылу қаупі болмағаны айтылды.

Университет проректоры Мақсат Жақауовтың сөзінше, марқұмның отбасының әлеуметтік жағдайы өте ауыр болған. Анасы мен әпкесі ауыр дертке шалдыққан. Анасының денсаулығы нашарлап, аяғынан айырылғаны белгілі болса, әпкесі қант диабетінің салдарынан көру қабілетінен айырылған. Отбасының негізгі тірегі болған Бақтияр шәкіртақысына азық-түлік алып, анасына қамқорлық жасап жүрген.

Оқиға болған күні студент таңғы тестке келгенімен, аудиторияға кірмеген. Кейін ол университеттің сегізінші қабатынан құлаған. Куәгерлердің айтуынша, жас жігіт ғимарат маңындағы көліктің алдына құлап, ауыр жарақат салдарынан жедел жәрдем жеткенше көз жұмған.

Әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар тарағанымен, университет әкімшілігі студенттің тәртіптік жаза алмағанын және психологиялық көмек қызметіне жүгінбегенін мәлімдеді.

Қазір Алматы қаласы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 105-бабы — «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты себептері анықталуда.

Марқұмның жаназасы 8 мамыр күні шығарылып, жер қойнына тапсырылды. Университет әкімшілігі оның анасы мен әпкесіне қолдау көрсететінін хабарлады.

Войдите, чтобы оставить комментарий