Адамбай: Америкада полицей көргенде қорықпайсың, керісінше құрметтейсің

16.09.2026 18:59 Томирис САҒЫНДЫҚ
Адамбай: Америкада полицей көргенде қорықпайсың, керісінше құрметтейсің
50
Фото: видеодан скриншот

АҚШ-та тұрып жатқан режиссер Нұртас Адамбай шетелге көшкеннен кейінгі ішкі өзгерістері мен жергілікті қоғам туралы ой бөлісті. Ол өз сөзінде жаңа ортаның өмірлік көзқарасына қалай әсер еткенін және сырттай қалыптасқан стереотиптердің шындыққа қаншалықты сай келетінін баяндайды. Кейіпкер америкалық қоғамның заңға бағыну мәдениеті мен адамдар арасындағы қарым-қатынас ерекшеліктеріне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы режиссер «Замандас» подкастында әңгімеледі.

Шетелге қоныс аудару кейіпкердің ішкі еркіндігі мен өзіне деген сенімділігін арттыруға ықпал еткен. Оның айтуынша, заң үстемдігі орнаған ортада өмір сүру адам бойындағы үрейді жойып, билік өкілдеріне деген құрметті қалыптастырады. Осылайша жаңа орта кейіпкердің өз бойындағы бұрынғы ішкі кедергілерді жеңуіне мүмкіндік берді.

«Осы жерге келгенде көңілім жай тауып, дәл өзім болуым керек орында жүргенімді түсіндім. Менің ұғымымда Америка — шынайы бостандықтың тынысы сезілетін ел. Бұл — заңдар бұлжымай жұмыс істейтін, адамдар бір-бірін сыйлайтын мекен. Мұнда полиция қызметкерін көргенде бойыңды үрей емес, құрмет сезімі билейді. Осындай нәрселер өзіме деген сыйластықты арттыруға көмектеседі. Мүмкін, бұған дейін бойымда дәл осы жағынан ішкі кедергі болған шығар», — деді Нұртас Адамбай.

Сондай-ақ кейіпкер кез келген мемлекет пен ондағы қоғам туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін ұзақ уақыт тәжірибе қажет екенін алға тартады. Сырттай берілген үстірт баға мен қысқа мерзімді сапарлар елдің шынайы болмысын ашып бере алмайды. Тек белгілі бір ортада ұзақ тұру арқылы ғана жергілікті халықтың мінезін терең түсінуге болады.

«Бұрын менде де таптаурын көзқарас пен стереотиптер болған екен. Оны қазір ғана ұғынып отырмын. Қандай да бір ел немесе орта туралы белгілі бір пікір қалыптастыру үшін онда барып, біраз уақыт өмір сүру керек. Бір айға келіп-кетіп, бәріне баға беріп, энциклопедиялық «сарапшы» бола салу дұрыс емес. Адамдардың шынайы болмысын ұғыну үшін сонда тұрақты тұру қажет, тіпті жылдар өткен сайын оларды тереңірек түсіне түсесің», — деді режиссер.

Сонымен бірге отандасымыз қоғамда кең таралған америкалықтардың жасанды күлкісі туралы стереотипті де жоққа шығарды. Жергілікті тұрғындармен тығыз араласу барысында ол олардың ашық әрі бауырмал екеніне көз жеткізген. Кейіпкердің пікірінше, адамның өзгелерді қалай қабылдауы оның ішкі дүниесіне тікелей байланысты.

«Мәселен, бұрын «америкалықтардың күлкісі жасанды, өтірік» деген сөзді жиі еститінбіз. Мен бұл оймен бұрын да келіспеуші едім, ал осында өмір сүре келе мүлде басқа нәрсеге көз жеткіздім. Адам айналасынан өзінің ішкі дүниесінде не бар, соны көреді. Егер біреуден екіжүзділік байқасаң, бұл — ең алдымен өзіңе қойылатын сұрақ. Мен олармен араласа келе, америкалықтардың өте шынайы, бауырмал әрі ақкөңіл адамдар екенін түсіндім», — деді Нұртас Адамбай.

Войдите, чтобы оставить комментарий