«Жаңа адамдар» қозғалысы БҰҰ форумында Каспий мәселесін көтерді

«Жаңа адамдар» қозғалысы БҰҰ форумында Каспий мәселесін көтерді
Фото: Жаңа Адамдар
Бангкоктегі БҰҰ форумында «Жаңа адамдар» қазақ күйлерімен үндеу жасады

30 қазанда Бангкок қаласында өткен SEA of Solutions 2026 халықаралық экологиялық форумында Қазақстан атынан «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Politico.kz.

Халықаралық жиында Каспий теңізінің экологиялық жағдайы мен оны сақтап қалу жолдары талқыланды.

Форум Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP) және Шығыс Азия теңіздері жөніндегі үйлестіру органы (COBSEA) қатысуымен ұйымдастырылған. Оған мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері жиналды.

Жиында «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері Каспий теңізінің тартылуы мен экологиялық жағдайына халықаралық қауымдастықтың назарын аударуға шақырды. Олар бұған дейін де Antitrash азаматтық науқаны аясында түрлі акциялар өткізіп, теңіз жағалауындағы мемлекеттерге үндеу жолдаған.

Белсенділер өз бастамаларын қазақтың дәстүрлі музыкалық өнері арқылы да жеткізді. Олар домбыра мен қобызда «Көңіл толқыны» және «Ерке сылқым» күйлерін орындап, «Save the Caspian Sea» ұранын халықаралық деңгейде насихаттады.

«Жаңа адамдар» өкілі Бауыржан Амановтың айтуынша, Каспий теңізін сақтау бір ғана мемлекеттің міндеті емес. Бұл мәселені шешу үшін жағалаудағы елдер бірлесіп әрекет етуі қажет.

Ол су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру және елдер арасындағы үйлестіруді күшейту маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Каспий теңізінің экологиялық жағдайын халықаралық деңгейде бірнеше рет көтеріп, оны сақтау үшін мемлекеттердің күш біріктіруі қажет екенін айтқан.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу