Адамбай «Келинка Сабинаны» неге өшірген айтты: Жігіттердің әйел киімін киюіне себепші болғым келмеді
Актёр әрі режиссёр Нұртас Адамбай өзінің танымал «Келинка Сабина» комедиялық жобасына қатысты көзқарасының қалай өзгергенін және бұл комедияны желідегі парақшаларынан неліктен толық өшіру туралы шешім қабылдағанын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Нұртас Адамбай "Замандас" подкастында әңгімеледі.
Оның айтуынша, дін жолына түскен алғашқы кезеңде желі қолданушылары тарапынан фильмдегі рөліне байланысты түрлі сыни пікірлер жиі айтылған. Бастапқыда ол бұл рөлді қорғап, діни мамандардың пікіріне сүйенгенін жеткізді.
«Мысалы, мен түскен «Келинка Сабина» фильмiн алайық. Мен намаз оқи бастағанда, Инстаграмда бейтаныс адамдар: «Бұл фильмге түсуге болмайды» деп жаза бастады. Мен бәрімен айтысып жүрдім. Тіпті Ислам саласында білімі бар адамдармен, бүкіл әлемге белгілі уағызшылармен де кеңестім. Маған: «Бұнда тұрған ештеңе жоқ, бұл жай әзіл, харам емес» деп жазды. Маған біреу тиіссе, мен: «Міне, білімі бар, миллиондаған оқырманы бар адамдар бұның ештеңесі жоқ екенін айтты» деп жауап беретінмін», — деді Нұртас Адамбай.
Режиссёр сонымен бірге шетелде жүргенде болған бір оқиғаны еске алып, бұрын берген кейбір сұқбаттарындағы сөздері үшін өкінетінін айтты.
«Бірде Мединаға алғаш рет барғанымда, мешітте бір қазақ жігітпен жолығып қалдым. Ол маған: «Бұл жасағаның дұрыс емес» деп айта бастады. Мен тағы да айтысып: «Жоқ, бұл рөл арқылы қаншама аудитория жинадым, енді соларға жақсы нәрселерді айта аламын» дедім. Қысқасы, екеуміз айтыстық та, әркім өз пікірінде қалды. Иә, кезінде «Келинка Сабина — Ислам туралы фильм» деген де сөз айтқан едім... Сондай ақымақтық болды. Мен онда сәл басқа нәрсені меңзеген едім, мейлі. Сол кісінің де атын білмеймін, бірақ ол туралы да жаман ойлағаным үшін кешірім сұраймын», — деді режиссёр.
Уақыт өте келе Нұртас Адамбай бұл мәселеге қайта үңіліп, шариғат талаптарына сәйкестігін анықтау үшін рухани ұстазымен кеңескенін және содан кейін кесімді шешімге келгенін мәлімдеді.
«Арада екі жылдай уақыт өтті. Алматыда үйде отырып, ішімде бір жайсыздықты сездім. «Шынымен де, менің әйел киімін киіп, бұл фильмді түсірмеуім керек пе еді?» деген ой келді. Мен өте сенетін бір адам бар, содан сұрадым: «Ислам бойынша ер адамның әйел киімін киюіне рұқсат етіле ме?» дедім. Ол: «Жоқ» деп жауап берді. Сол күні мен фильмдердің бәрін өшіріп тастадым. Әрине, білместікпен жасалған нәрсені Жаратушы кешіреді, Ол өте кешірімді. Бірақ мен бұл фильмнің ары қарай таралуына себепші болғым келмеді. Мен біреудің қателік жасауына себепкер болғым келмейді. Мүмкін, біреудің әйел киімін кигісі келіп кетуі де ықтимал. Мүмкіндік 0,1% болса да, мен соны жойғым келді. Сондықтан бәрін өшіріп тастадым. Мен оның теріс пікір қалыптастыруына себепші болып қалуым мүмкін ғой. Мен тіпті сол 0,001% себептің өзі болғым келмейді. Сақтанғанды сақтайды. Маған артық күмәнді нәрсенің керегі не?» — деді Нұртас Адамбай.
Продюсер бұл туындылармен қоштасу оңайға соқпағанын, алайда бұл қадамның өзі үшін ішкі психологиялық және рухани еркіндік сыйлағанын атап өтті.
«Оның үстіне, мен ол фильмдерге қатты байланып қалғанымды түсіндім. Мені бұл фильмсіз ешкім бағаламайтындай, бұл фильмсіз мен жоқ сияқты болып көрінетін еді. Өшірген кезде өте қиын болды, денеңнен бір бөлшегіңді кесіп алғандай әсерде болдым. Басында архивке салдым, ал бір аптадан кейін толық өшірдім. Достарыммен отырғанда «архивте тұр» деуге ұялып, келесі күні мүлдем өшіріп тастадым. Бұл мен үшін өте ауыр шешім болды. Бірақ қазір ашық түрде «өшірдім» деп айта аламын», — деді режиссёр.
Соңғы жаңалықтар