«Адамдар пакет жейді»: Еркебұлан Тоқтар Үндістандағы ауыр шындықты айтты
Белгілі актер Еркебұлан Тоқтар Аман Тасығанның Talk like подкастына берген сұхбатында Үндістандағы тұрмыс деңгейі мен әлеуметтік теңсіздік жайында ойын ортаға салды, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Сұхбат барысында ол дамушы елдердегі кедейліктің аса ауыр көріністерін өз көзімен көргенін айтып, көпшілікті ойландырар мысал келтірді.
— «Үндістанда адамдар пакет жеп жүр дегенді көрдім. Бұл — жай ғана сөз емес, шынайы көрініс. Әлеуметтік теңсіздік өте терең», — деді Еркебұлан Тоқтар.
Оның айтуынша, Қазақстанды үнемі тек ең бай мемлекеттермен ғана салыстыра беру біржақты көзқарас қалыптастырады. Әлемде тұрмысы бізден әлдеқайда төмен елдер бар екенін де ұмытпау керек.
Еркебұлан Тоқтар мәселе салыстыруда емес, ең алдымен өз қоғамымыздағы түйткілдерді көріп, оларды шешуге ұмтылуда екенін атап өтті. Ол мұндай мысалдар арқылы халықты жағдайға шүкіршілік етуге емес, саналы түрде ойлануға шақырды.
Подкасттағы бұл пікір әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Көпшілік түрлі көзқарас білдірді.
«Еліміз аман болсын», «Осы күнімізге шүкір», «Ол елдің халқының саны бізбен мүлде салыстыруға келмейді», «Дамимын десең, өзіңнен озық елдермен салыстыру керек», «Тұрмыстары қиын болса да, жастары Қазақстанда оқып жүр ғой», — деп жазды оқырмандар.
Сұхбаттағы пікірлер қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, салыстыру мәдениеті және жаһандық ойлау тақырыптарына қатысты жаңа талқылауға жол ашты.
Соңғы жаңалықтар