Экономист ел экономикасының 4,5%-ға өсуін түсіндірді
Экономист Қазақстан экономикасындағы өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазақстан экономикасы 2026 жылдың 10 айында 4,5% өсті. Экономист Бекнұр Кисиковтың пікірінше, басты жаңалық өсім көрсеткішінің өзінде емес, оны қамтамасыз еткен салаларда. Өйткені экономиканың шикізатқа тәуелділігі біртіндеп азайып келеді.
«Менің ойымша, қазіргі экономикалық өсімде ең маңыздысы жалпы ішкі өнімнің 4,5%-ға артқаны емес, осы өсімнің қайдан келгені. Қазір экономиканың негізгі қозғаушы күшіне шикізаттық емес сектор айналып келеді. Оның өсімі 5,6%-ға жетті. Бұл жалпы экономика өсімінен жоғары», – дейді экономист.
Оның айтуынша, әсіресе өңдеу өнеркәсібінің қарқын алуы маңызды. Бұл саладағы өсім тоғыз айдағы 8,6%-дан 10 айдың қорытындысы бойынша 9,3%-ға дейін жеделдеген.
Машина жасау, химия және фармацевтика өнеркәсібі, дайын металл бұйымдары мен азық-түлік өндірісі жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
«Бұл еліміздің өндірістік мүмкіндіктері біртіндеп кеңейіп келе жатқанын білдіреді. Қазақстан шикізатты сыртқа сатумен ғана шектелмей, қосылған құны жоғары тауарларды көбірек өндіре бастады», – деп түсіндірді Бекнұр Кисиков.
Экономист құрылыс саласындағы 13,1% өсімді де ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бұл инфрақұрылым мен тұрғын үй жобаларының ауқымы кеңейіп, инвестициялық белсенділік артқанын көрсетеді. Құрылыс өз кезегінде құрылыс материалдары өндірісіне, металлургияға, көлікке, қызмет көрсету саласына және жұмыспен қамтуға әсер етеді.
Ал көлік және логистика саласы 7,5% өскен. Кисиков Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы географиялық орналасуы үлкен мүмкіндік беретінін айтады. Сондықтан көлік дәліздерін, теміржол инфрақұрылымын, логистикалық орталықтар мен қоймаларды дамыту елдің ұзақ мерзімді артықшылығына айналуы мүмкін.
Ішкі нарықта да өсім бар. Сауда көлемі 6,2%, ауыл шаруашылығы 5,2% артқан. Бұл экономиканың тек экспортқа емес, ішкі сұранысқа, өндіріс пен тұтынуға да сүйеніп отырғанын көрсетеді.
Инвестиция көлемі де ұлғайған. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестиция нақты мәнде 7% өсті. Ал бюджет қаржысын есептемегенде, шикізаттық емес секторға құйылған инвестиция 25% артқан.
Дегенмен экономист жекелеген салалардың жоғары өсімі олардың жалпы экономикаға қосқан үлесі де сондай үлкен дегенді білдірмейтінін ескертті.
«Мысалы, фармацевтика өнеркәсібінің 50,9% өсуі, әрине, назар аударарлық көрсеткіш. Бірақ оның жалпы экономика үшін қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін бұл саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесін де ескеру қажет», – деді ол.
Кисиковтың пікірінше, Қазақстан экономикасында оң құрылымдық өзгерістер байқалып отыр. Бұрын елдің экономикалық өсімі көбіне мұнай бағасы мен шикізат нарығындағы жағдайға тәуелді болса, қазір басқа салалардың үлесі артып келеді.
Мәселен, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында тау-кен өндіру өнеркәсібі 4,3% төмендеген. Соған қарамастан, өңдеу өнеркәсібі 8,6% өскен.
Алайда экономист бұл өзгерістерді бағалағанда үш мәселеге назар аудару қажет деп есептейді.
Біріншісі – экономикалық өсімнің сапасы. Қазақстан өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, импортты алмастыратын және шетел нарығына шығатын бәсекеге қабілетті тауарлар өндіруі керек.
«Кәсіпорын өнімді көбірек шығарғанымен, шетелдік жабдыққа, бөлшектер мен технологияларға қатты тәуелді болса, өндірістің шын мәнінде қаншалықты жергілікті екені сұрақ күйінде қалады», – дейді экономист.
Екінші мәселе – еңбек өнімділігі мен халықтың табысы.
«Экономикалық өсім тек жалпы ішкі өнімнің статистикасынан емес, азаматтардың әл-ауқатынан да көрінуі тиіс. Ең маңыздысы – халықтың нақты сатып алу қабілеті артып жатыр ма, өнімділігі жоғары жұмыс орындары ашыла ма, қызметкерлердің табысы мен шағын және орта бизнестің мүмкіндіктері кеңейе ме? Осыған мән беруіміз керек», – деді Кисиков.
Үшінші мәселе – инвестицияның тұрақтылығы. Экономистің пікірінше, елдегі өсім тек бюджет шығындарына, несиеге және мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларға сүйенбеуі қажет. Өндіріске, технологияға, экспортқа және инновацияға жеке капитал көбірек тартылуы тиіс.
Ол сондай-ақ «Халықтық құрылыс» жобасына тоқталды. Экономистің айтуынша, бұл бастама құрылыс нысандарын салумен ғана шектелмей, отандық өндірісті дамытуға, шағын және орта бизнесті тартуға, мамандар даярлауға және құрылыс материалдарын ел ішінде өндіруге ықпал етуі мүмкін.
«Менің негізгі тұжырымым мынадай: Қазақстан табиғи ресурстарды өндіру мен экспорттауға сүйенген экономикадан біртіндеп әртараптандырылған, күрделірек экономикалық модельге көшіп келеді. Бірақ бұл өзгеріс әлі аяқталған жоқ. Бізге қосылған құны жоғары тауарлар өндіретін өнеркәсіп, өз бетінше инвестиция салып, жаңалық енгізетін жеке бизнес және халықтың нақты табысын арттыратын экономикалық өсім қажет», – деді Бекнұр Кисиков.
Экономистің сөзінше, ел экономикасының мұнай бағасына және сыртқы нарықтағы өзгерістерге тәуелділігін азайту басты міндеттердің бірі болып қала береді.
«4,5% – жақсы көрсеткіш. Бірақ осы өсімнің қандай негізге сүйеніп отырғаны әлдеқайда маңызды. Қазақстанның мақсаты бүгін жылдам өсу ғана емес, мұнай бағасы мен сыртқы жағдай қалай өзгерсе де, тұрақты дами алатын экономика құру болуы керек», – дейді экономист Бекнұр Кисиков.
Еске салайық, бүгін Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан экономикасы 2026 жылдың 10 айында 4,5% өскенін хабарлаған еді.
Соңғы жаңалықтар