Әділет Зейнел: Менің үйленгенім — өткенімді ұмыттым деген сөз емес

07.08.2026 23:46 Томирис САҒЫНДЫҚ
Әділет Зейнел: Менің үйленгенім — өткенімді ұмыттым деген сөз емес
65
Фото: threads.com/@zeineladilet

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел әлеуметтік желідегі ауыр сөздер мен сыннан еңсе тіктеуге жақындары мен достары демеу болып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, оның отбасы өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген бұл пікірлерге байланысты құқық қорғау органдарына жүгінуді ұйғарған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Қазақстан халық партиясының» youtube арнасына берген сұқбатында айтты.

«Достарымыз керісінше күн сайын жазып, қолдау білдіріп жатыр. Мен өз әлеуметтік желідегі парақшамды ақпан айында-ақ өшіріп тастағанмын. Instagram-парақшамды ақпанда өшірдім. Себебі, бұған дейін айтқанымдай, маған да жаза бастады. Әртүрлі адам болады ғой. Мен осының бәрімен күнде бетпе-бет келгім келмеді, олардың жазғанын оқығым келмей, Instagram-ды өшірдім де, жаңадан аштым. Оны тек жақындарым ғана біледі. Қазіргі таңда бәріміз де тек әлеуметтік желі арқылы араласамыз ғой, бір-бірімізге видеолар жібереміз дегендей. Мен тек достарыммен араласу үшін жаңа парақша аштым. (...). Иә, түсіп жатыр, әлі күнге дейін түседі. Мен оларға жауап бермеймін. Олармен керісіп, солардың деңгейіне түскім келмейді, маған оның не керегі бар? Тек ІІБ-ге, ДП-ға барып, арыз жазу керек, болды. Айыппұл төлесін, содан кейін барып басылатын шығар, жазасыз ештеңе қалмайтынын түсініп, ойлана бастайды», — деді Әділет Зейнел.

Ары қарай ол жақын адамынан айырылу жанына батқан ауыр соққы болғанын, өткен күндердің естелігі әрдайым жүрегінде қалатынын, ал үйленуі бақилық болған жарын ұмыту емес, тек алға қадам басып, өмірді жалғастыруға деген ұмтылыс екенін жеткізді.

«Иә, бұл өте үлкен стресс. Біз әрекет етіп жатырмыз. Себебі менің отбасым, бізді қолдайтындар — бәріміз бір үлкен отбасымыз, достарымыз бен туыстарымыз да бар, бәрі бізді қолдап жатыр. (...). Жазып жатқан пікірлерде: «2017 жылдан бері кездесіп жүрміз» дедім ғой. Егер адамдардың есінде болса, мен 2017 жылдан бастап 3-4 курсқа дейін кездескенімізді айттым. Кейін менің қателігімнен айырылысып, қайтадан 2024-2025 жылдары араласа бастадық. Ал олар: «8 жыл жақсы көріп, 8 айда ұмытып кеттің бе?» — деп жазып жатыр. Естеліктер қалады. Мен қазір өмір сүріп жатырмын. Бұл үлкен бір тарих. Менің үйленгенім өткенімді ұмыттым деген сөз емес. Жақын адам көз жұмғанда, біз оны ұмытпаймыз, біз оны артта қалдырмаймыз, біз бар болғаны ары қарай өмір сүруіміз керек. Біреуді біреумен салыстырудың қажеті жоқ, бар болғаны өмір сүру қажет. Мен қазір осыны жасап жатырмын», — деді азамат.

Әділет Зейнелдің анасы өз кезегінде желіде жазылып жатқан пікірлерге қатысты келінінің құқық қорғау органдарына жүгінгенін растады.

«Қорлаудың да түрі бар, бұл өте рақымсыз қорлау болды. Мен құқық қорғау органдарына жүгінген едім. Содан барлық скриншоттарды, осы қорлау сөздерді көрсеткенімде, маған: «Кімнің атына жазылса, сол адамның өзі келуі керек», — деді. Содан соң келінімді ертіп барып, бұл істі бастап кеттік. (...). Бірақ пікірлердің екінші жағы да бар ғой: Әділеттің ары қарай өмір сүргісі келетініне, еңсесін тіктегісі келетініне, бақытты болғысы келетініне қуанатын адамдар да бар. Мұндай нәрсе еш жерде шектелмейді ғой. Адамның ары қарай ұмтылғысы келетіні... Жақсы пікірлер де бар, меніңше, бұл жерде елу де елу, тек жаман нәрсе жазып жатқан жоқ. Жалпы, мен де әлеуметтік желідемін, Instagram-да бармын. Бірақ біреу туралы жаман нәрсе жазылса, ол адамды танымасам, үндемей өтіп кетемін. Парақшаны айналдырамын да кете беремін. Ал бірдеңе жазып қалдыру — өте төмен тірлік. Адамдар өте төмендеп кеткен, олай етуге болмайды», — деді Әділеттің анасы.

Войдите, чтобы оставить комментарий