Өскеменде өрттен кейін үйінді астынан әйелдің мәйіті табылды
Өскеменде саяжайдағы өрт қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Тілсіз жау салдарынан 50 жастағы әйел көз жұмды. Марқұм өртенген үйдің иесі болған. Оның денесі өрт сөндірілгеннен кейін үйінділерді аршу кезінде табылды.
Оқиға қаладағы Старая Согра ауданында орналасқан «Прогресс» саяжай қоғамында болған. Жазғы үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама кезекші бөлімге түскен соң, оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен.
Құтқарушылар жалынды 64 шаршы метр аумақты шарпыған жерден толық сөндірген. Алайда үйінділерді тексеру барысында үй иесінің мәйіті анықталған.
Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрттің шығу себебі мен әйелдің қаза болу мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды, электр құрылғыларын пайдаланғанда мұқият болуды және пеш жабдықтарының жарамдылығын үнемі тексеріп отыруды ескертті.
Соңғы жаңалықтар