«Әкемнің шенін пайдаландым»: Полковниктің қызы елді аузына қаратты (ВИДЕО)

Желіде полковниктің қызының жазбасы қызу талқыға түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әлеуметтік желілерде кең тараған бейнежазбада полковниктің қызы өзінің өмірлік жолын баяндап, әкесінің әскери шенін қалай пайдаланғанын ашық мойындады. Instagram желісінде atybarulina деген атпен танымал кәсіпкер Гүлсана балалық шағы жайлы естелік жазған.
Ол бала кезінен спортпен шұғылданғанын айтып, кейде әкесінің лауазымын өз пайдасына пайдаланғанын жасырмады.
«Біз ағам екеуміз кішкентайымыздан спортқа жақын болдық. Әкем бізді өз-өзімізді қорғай алатындай етіп тәрбиелеуге тырысты. Иә, мойындаймын, көп жыл бойы әкемнің шенінің көмегіне жүгіндім. Кей жағдайларда тек тегімнің арқасында қиындықтардан құтылып кететін кездерім болды. Үйде әрдайым тәртіп, тәрбие мен тазалық басты орында тұрды. Сенімге ие болу үшін нақты нәтижелер көрсету керек еді. Осылайша мен өмірде өз орнымды таптым. Қазір әкем: «Қызым, сенде жасыл шам – әрекет ет» дейді. Бұрын мұны түсінбей, ренжіп, қарсылық танытатынмын. Ал бүгінде сол қатал тәрбие маған берік негіз болғанын ұқтым. Бұл мені шыңдады. Әке-Ана, Сіздерге алғысым шексіз!» – деп жазды ол жеке парақшасында. Желі қолданушылары бұл жазбаға түрлі пікір білдіріп жатыр: бірі оның шынайылығына тәнті болса, енді бірі мұндай жағдайлар қоғамда әлі де кездесетініне алаңдаушылық танытты.
Соңғы жаңалықтар





