«Студенттерге қысым көрсетіле ме»: Шекеев ҚазҰУ-дағы сұмдық «жүйе» туралы шулы мәлімдеме жасады
Белгілі адвокат Мейірман Шекеев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері оған студентік ұйымдар тарапынан болатын қысым мен ақша жинау деректеріне шағымданып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ұйымдардың университет басшылығымен және деканаттармен байланысы болуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.
Адвокат Instagram желісінде арнайы бейнеүндеу жариялады.
« Қоғамымызда «система», «дедовщина» деп аталатын әлімжеттік жүйесі бүгін немесе кеше пайда болған жоқ. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан жүйе. Келіп жатқан ақпараттарға сәйкес,мұндай жүйенің бұрыннан қалыптасқаны және оған дер кезінде Университет тосқауыл қоймағандығының салдарынан осы өлім орын алды деп санаймын. », – деді ол.
Адвокат не ұсынады?
Мейірман Шекеевтің пайымдауынша, ҚазҰУ-ға Ғылым және жоғары білім министрлігінің арнайы комиссиясын жіберу қажет. Тексеру әділ өтуі үшін оның құрамына тәуелсіз журналистер, қоғам белсенділері мен депутаттар кіруі тиіс.
«Осы уақытқа дейін университет басшыларының бәрін жасыруға тырысып жатқанының куәсі болып жатқан жоқпызба? Сондықтан @gylym_jogarybilim комиссия тәуелсіз адамдардан @ruslan_utepbai құралу керек. Сонда ғана студенттер шындықтарды айтады!», – деп жазды адвокат.
Шекеев жоғары оқу орнындағы ақша жинау мен әлімжеттік жүйесі кеше ғана пайда болмағанына сенімді. Оның сөзінше, бұл жағдай жылдар бойы қалыптасқан, ал студенттің қазасына университеттің мұны дер кезінде тоқтатпауы себеп болған.
Адвокат студенттер мен ата-аналарды заңбұзушылықтар туралы айтудан қорықпауға шақырып, журналистерді бұл мәселеден тыс қалмауға үндеді.
«Мұндай жүйенің тамырына балта шабатын уақыт жетті», – деп мәлімдеді Шекеев.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ жатақханасында география факультетінің 1-курс студенті Дауыл Бәкіртай көз жұмды. Марқұмның туыстары оны 2-курс студенттері соққыға жыққанын мәлімдеді. Қылмыстық іс бойынша бір күдікті ұсталды. Студенттің қазасынан кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-да кешенді тексеріс басталатынын жариялады. Ал одан он күн бұрын оқу орнының аумағында журналистика факультетінің 1-курс студенті қаза тапқан еді.
Соңғы жаңалықтар