Әкесін зорлыққа айыптаған блогер Juzzefina-ның үстінен іс қозғалды
Тікелей эфирде туған әкесін зорлыққа айыптаған Жұлдыз Жауынбаеваның үстінен жалған ақпарат таратқаны үшін іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін Juzzefina лақап атымен танымал блогер желіде трансляция жасап, 8 жыл бойы әкесі тарапынан жыныстық зорлық көргенін және бұл туралы полицияға арыз жаза алмағанын мәлімдеген еді. Аталған факті бойынша Қостанай облысының полиция департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп, жарияланған материалдарды зерделеп, қыздың туыстарынан жауап алды.
"Ата-анасының айтуынша, бейнематериалдарда келтірілген мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ олар қыздарымен ұзақ уақыттан бері байланыс жасамайтынын хабарлаған", — дейді полиция.
Осыдан кейін олардың жазған арызы негізінде блогерге қатысты жалған ақпарат тарату дерегімен әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар тікелей эфир барысында былапыт сөздер айтып, өзін орынсыз ұстағаны үшін ол ұсақ бұзақылық бабымен де жауапқа тартылады.
"Полиция мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады. Кез келген шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер құқықтық бағалауға жатады және олар үшін әкімшілік те, қылмыстық заңнамада да көзделген жауапкершілік қарастырылған", — деп ескертеді құзырлы орган.
Полиция қазіргі уақытта тараптардың барлық уәждері мұқият тексеріліп жатқанын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар