Актриса Құралай Анарбекова өнердегі сұмдықтарды айтты
Танымал актриса әрі продюсер Құралай Анарбекова журналист Дина Төлепбергенге берген сұхбатында шоу-бизнес саласында көпшілік біле бермейтін жайттар туралы айтты, деп хабарлайды Politico.kz Sn.kz-ке сілтеме жасап.
Өнер иесінің айтуынша, бұл салада мансап жолында түрлі ұсыныстарға тап болатын жағдайлар жиі кездеседі. Оның сөзінше, бір кездері өзіне де сондай ұсыныс жасалған.
Актриса “Қорлан” образынан кейін режиссерлер оны құрметтеп, басты рөлдерге кастингсіз-ақ шақырады деп ойлағанын жасырмады. Алайда бір кастингке барған кезде күтпеген жағдайға тап болғанын айтты.
«Бір режиссер кешке бірге кездесіп, вино ішіп, көңіл көтеруді ұсынды. Оның отбасы бар екенін, жасы үлкен адам екенін білетінмін. Бұл сөздер менің намысыма тиді. Сондықтан бұл ұсынысты шок ретінде қабылдадым. Батыстың қызы болған соң, өте дөрекі жауап бердім», – деді ол.
Құралай Анарбекованың айтуынша, дәл осы жағдай оны көп ойландырған. Сол сәтте актрисалық мансаптың қысқа болуы мүмкін екенін түсінгенін айтады.
«Сол кезде актрисаның ғұмыры қысқа ма деген ой келді. Сондықтан өзімді дамыту керектігін түсіндім. Режиссердің үстінен қарайтын адам – продюсер. Содан кейін қайдан білім алсам болады деп ойланып, Мәскеуге барып оқуға шешім қабылдадым», – дейді продюсер.
Өнер иесі Мәскеуде білім алып, елге оралған соң да саладағы жағдай толық өзгермегенін байқағанын айтты. Дегенмен дәл сол жағдай оның продюсерлік жолды таңдауға түрткі болған.
«Егер сол жағдай болмағанда, бәлкім, мен продюсер де болмас едім», – деп түйіндеді Құралай Анарбекова.
Последние новости