Алагөзөв мырза үй берді екен деп қазақ тілін талап етушілер пафосшыларға айналдық – Айсәуле Әбілдә

Таяуда белгілі бизнесмен Тұрсын Алагөзов қарамағындағы қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған еді. Артынша оның үй сыйлауы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл қуанышты оқиға қазақ тілінің қоғамдағы орны туралы да үлкен пікірталас тудырды. Осы орайда, «Оян, қазақ!» деректі фильмінің продюсері Айсәуле Әбілдә аталған оқиғаға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Алагөзөв мырза үй берді екен деп қазақ тілін талап етушілер пафосшыларға айналдық. Орыс тілділер салық төлеп отыр, тірлік істеп жатыр, қазақ тілділер тіл деп құр шөппен ауыз сүртеді дегенге саятын бірнеше пікір оқып қалдым. Енді қазақ тілінің бұл қоғамда құны болмағандықтан таза қазақ тілділер жөнді бизнес жасап, байып кете алмай жүр емес пе?
Бүкіл айналым, құжат тілі орыс тілінде жүрсе, сол тілдің өкілдері аяққа бірінші тұрмай ма? Сосын тілді талап етуді пафос деп айыптауды қашан қоясыңдар? Бұрын Шаханов атамыз шырылдайтын, қазір бір тұлғасы да қалмаған тіл жайын көтеруді бос сөз деп айыптағаннан қандай пайда сіздерге? Қазақ тілін біреуге үй берсек қана талап ете аламыз ба сонда?
Алагөзөв мырзаның бұл ерлігін тілге қатыссыз-ақ мәрттік деп бағалаймын және сол жерде жұмыс істеп жүріп, үйлі болған 100 отбасыны шын жүрегіммен құттықтаймын! Бір жерде 19-20 жыл жұмыс істеу нағыз табандылық. Солардың басым көпшілігі қарапайым қазақтар. Үйлері береке мен бақытқа толсын!
Айтпақшы, ол компанияның өнімін сатып алып отырған да сол қазақтар, сондықтан біреуді мақтау үшін басты құндылығымызды құрбан етуді қойыңдар, жігіттер!», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Соңғы жаңалықтар





