Әлемде темекіге бола "соғыс" басталғалы тұр

05.11.2025 06:52 Арман Ермеков
Әлемде темекіге бола
0
98
Фото: Delfi.lt

Литва мен Беларусь арасындағы қатынастар темекі контрабандасы тиелген метеозондтар кесірінен күрт шиеленісті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Литва биылғы күзде өзінің Беларусьпен ортақ шекарасын бірнеше рет жабуға мәжбүрленді. Оған көрші елден контрабандалық темекі қораптары тиелген метеозондтардың ұшып келуі түрткі болды. Ал, 2 қарашадан бастап Литва ортақ шекараны белгісіз мерзімге мүлдем жауып тастады.

Бұған жауап ретінде Беларусь шиеленіс көрігін тіпті қыздырды. Кеше Минск Польша мен Литва арасындағы шекарасына бірден 3 жылға – 2027 жылдың соңына дейін "құлып салды".

Сарапшылардың байламынша, бұл эскалация Қытайдан шыққан жүктерді Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағы арқылы Еуропаға жеткізетін "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық дәлізіне кесірін тигізеді. Қазірдің өзінде мыңдаған жүк көліктері, фуралар Беларусь жақтан Батыс елдеріне өте алмай қалды. Оларға Минск елдеріне кері қайтуға кеңес берді.

"Бұл халықаралық маршрутке қызмет ететін көлік компанияларының көпшілігі Қазақстанда, Литвада, Латвияда және Польшада тіркелген. Беларусь өз аумағы арқылы халықаралық тауар тасымалын жүзеге асыратын Еуроодақтың жүк көліктерінің, сондай-ақ Польша мен Литва тіркемелерінің, жеңіл автокөліктерінің қозғалуына тыйым енгізді. Бұл туралы Ұлттық құқықтық ақпарат порталында жарияланған БР Министрлер кеңесінің қаулысында жазылған. Шектеулер 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін күшінде болады", – деп хабарлады RFI (Минск).

Өз кезегінде Польша 30 қазанда Беларусьпен шекарасындағы бұрыннан жабық тұрған өткізу бекеттерін ашу жоспарын кейінге ысырды. Ол бұған Литвамен ынтымақтастығын паш ету үшін барды.

Осының алдында, қыркүйекте ресейлік-беларусьтік "Батыс" әскери жаттығуларына байланысты және ресейлік әскери дрондардың Польшаның әуе кеңістігін бұзуына байланысты 2 өткізу пункті жабылған еді.

Көршісінің бұл қадамы Беларусь Президенті Александр Лукашенконың ашуын туғызды. Ол бұған дейін поляктармен алдын ала мәмілеге келгеніне қарамастан, енді Беларусьтегі поляк диаспорасының белсендісі, журналист Анджей Почобутаны және Польшаның басқа азаматтарын түрмеден босатуды кейінге қалдырғанын мәлімдеді.

Өйткені Беларусь басшысының мәлімдеуінше, Дональд Трамптың әкімшілігі хабарласып, темекі артылған метеозондтарды ұшырғаны үшін Литвадан кешірім сұрауды одан талап етіпті. Ал, Лукашенко бұдан бас тартты.

Саяси сарапшы Артем Шрайбман Еуропамен және АҚШ-пен арадағы өзі үшін аса маңызды мәміленің бұзылуын Лукашенконың тым ауыр қабылдағанына назар аудартты.

"Бұл оның кейінгі кездегі бірінші ірі прогресі еді. Алайда бәрі бұзылды. Лукашенко бұған Литваны айыптайды. Себебі, Литва шарлардың ұшуына тым қатаң үн қатты және Беларусь пен Польшаның арасындағы саяси мәмілені орта жолдан тоқтатып тастады", – деді сарапшы Шрайбман.

Шекаралардың жабылуы бірінші кезекте литвалық тасымалдаушыларға ауыртпалық түсіруде. LRT.lt жазуынша, Халықаралық көлік-логистикалық альянстың бас хатшысы Повилас Дрижас шекарадағы жағдайдың әрі қарай нашарлап бара жатқанын жеткізді.

"Мәселе тек шекараны кесе алмай, 2028 жылға дейін Беларусь аумағында қалған жүк көліктерінде ғана емес. Әңгіме Еуропалық одақтың, соның ішінде Литваның Орталық Азия және Қытай елдерімен саудасының болашағында болып тұр. Біздің сауда қатынастарымыз шекараның жабылуының теріс салдарларын қазірден қатты сезіне бастады. Бұлай бара берсе, Литва халықаралық логистикалық және сауда картасынан жойылып кетуі мүмкін. Проблема одан әрі өрістеуде және енді бұл тек көліктің проблема болудан қалды", – деді альянстың бас хатшысы.

Осы елдің Linava ұлттық автомобиль тасымалдаушылары қауымдастығының вице-президенті Олегас Тарасовас жағдайды апатқа теңеді.

"Егер шекара таяу арада ашылмаса, литвалық тасымалдаушылар халықаралық нарықтан ығыстырылып шығарылады. Егер біз Беларусьпен шекарамызды тезірек ашпасақ, көп жүктен айрыламыз. Бүкіл логистикалық секторды жоғалтамыз. Есептемелер жүргіздік, тек біздің сектордың өзі жыл сайын миллиард доллар табыстан қағылады", – деді Тарасовас жергілікті LRT радиосына сұхбатында.

Халықаралық ақпарат агенттіктері Литва – Беларусь – Польша шекараларында қанша мың фураның қаңтарылып тұрып қалғанын анықтай алмады. Бір ғана Литвада 7 мыңнан астам көлік компаниясы тіркелген, осыдан-ақ проблеманың ауқымын бағамдай беруге болады.

Сонымен бір мезгілде, Беларусьпен шекарасын бірінші болып жапқан Литва осы қадам арқылы көршісін өзіне әуе шарларын ұшырмауға мәжбүрлеуді көксейді.

Мұндай шараға ол еріккеннен барып отырған жоқ. Бірнеше күн бойы Беларусь жақтан әуеге қаптай көтерілген метеозондтар Литвада әуежайлардың жаппай жабылуына соқтырып, көлік коллапсын туындатып жатыр.

Балтық жағалауындағы осы республиканың Премьер-министрі Инга Ругинене Литваның "метеозондтардың қатысуымен гибридті шабуылдардың күшеюіне байланысты Беларусьпен арадағы шекараны белгісіз мерзімге жабуға мәжбүр болғанын" мәлімдеді. Ол ұлттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында Беларусьпен арадағы барлық қозғалыстар доғарылатынын және әуедегі шарлар құлатып түсірілетінін хабарлады.

Өткен аптада Беларусь тарапынан ұшырылған және себетіне контрабандалық темекі өнімдері толтырылған әуе шарлары Вильнюс, Каунас әуежайларының жұмысын жаппай тоқтатуына себепші болды.

Ең қуатты "шабуыл" өткен жексенбіде тіркелді. Литваның Дағдарыстарды басқару ұлттық орталығының басшысы Вилмантас Виткаускастың дерегінше, 1 ғана күнде Беларусь тарапынан 66 объект ұшып келді.

Апта соңындағы Вильнюс әуежайының төртінші рет жабылуы шамамен 50 рейстен бас тартылуына соқтырды. Соның алдында ғана Вильнюс пен Каунас әуежайларында 95 рейс тоқтатылған және ондаған мың жолаушы діттеген жеріне уақытылы жете алмай қалды.

Премьер-министр Инга Ругинене мұны "гибридті шабуыл" деп бағалай келе, оған Литваның жауабы тек шекараны жабумен ғана шектемейтінін нықтады. Бұл іске енді Сыртқы істер министрлігі араласқан, сыртқы саясат ведомствосы Еуропалық Одаққа Беларуске қарсы қосымша санкциялардың жаңа пакетін қабылдауды ұсынды.

"Бұл таяу уақытта жасалады. Сондай-ақ, көршілерімізбен – Польшамен және Латвиямен келіссөздер, кеңесулер жүргізіп жатырмыз. Біздің барлық іс-қимылдарымыз солармен келісіледі. Біз жалғыз емеспіз, НАТО мен ЕО-ның бөлігіміз!", – деді Ругинене.

Үкімет басшысы НАТО-ның 4-ші бабын жандандыру үшін Литваның өз одақтастарымен кеңесіп жатқанын қосты. Оның мәлімдеуінше, осы арқылы Еуропа Беларуське сигнал жіберді және оның "мұндай гибридті шабуылдарына төзбейтінін, ең қатал шараларды қабылдайтынын" ескертті.

Сонымен қатар, кейбір елдер өз азаматтарын Беларуське барғанда абай болуға шақыра бастады. Мысалы, Израиль Сыртқы істер министрі өз азаматтарына үндеу жолдап, Польшамен және Литвамен арадағы оқиғаларға байланысты Беларуське құрлықпен сапарлауды кейінге қалдыруға немесе тек ұшақпен ұшуға кеңес берді. Өйткені шекаралар жабылғанымен, бұл "одақтасымыздағы" әуежайлар жұмыс істеп тұр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий