Әл-Фарабидегі жол апаты: Әбеновтің айыптауынан кейін полицияның мәлімдемесі жұртты елең еткізді

13.07.2026 16:41 Әсел МҰРАТ
Әл-Фарабидегі жол апаты: Әбеновтің айыптауынан кейін полицияның мәлімдемесі жұртты елең еткізді
155
Фото: әлеуметтік желіден

Алматы қалалық полиция департаменті мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбеновтың мәлімдемесінен кейін қоғамда үлкен резонанс тудырған жол-көлік оқиғасына қатысты қосымша қызметтік тексеру жүргізіп, полиция қызметкерлерінің әрекетінен ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Алматы полиция департаменті Әбенов мырзаның 21 наурызда Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бұзуына қатысты полицияның әрекетсіздігіне қатысты уәждері бойынша қосымша тергеу жүргізді. Тексеру барысында жарияланған уәждердің объективті емес екені және олардың іс бойынша бүгінге дейін анықталған мән-жайларға сәйкес келмейтіні анықталды», – делінген редакциямыздың ресми сауалына берген полиция жауабында.

Полицияның мәліметінше, қылмыстық іс аясында бейнебақылау жазбалары арқылы аталған көліктің жүрген бағыты толық зерттелген. Сонымен қатар автоматтандырылған бақылау жүйелері тіркеген жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері бойынша жүргізуші заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылған.

«Жиналған материалдар мен жүргізілген өзге де процессуалдық іс-шаралардың нәтижесінде Zeekr автокөлігінің жүргізушісін жол апатына дейін полиция қызметкерлері ұстап, кейін босатып жіберген деген ақпарат расталған жоқ. Сондай-ақ жарияланған материалдағы өзге де тұжырымдар тергеу нәтижелерімен дәлелденген жоқ», – деп мәлімдеді полиция.

Еске салайық, 21 наурызда Алматыда үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты болған еді. Тараған мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға алдында көше жарысы ұйымдастырылған, оған кейбір деректер бойынша кәсіпкер де қатысқан. Аталған оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, қылмыстық іс қозғалды.

26 наурызда полиция түнгі көше жарыстарына қарсы күрес күшейтілетінін мәлімдеді. Сол күні Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, адам өліміне әкелген жарысқа жоғары лауазымды полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін деген күдігін білдірді. Осыдан кейін Алматы полициясында қызметтік тексеру басталып, кейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірқатар басшылардың қызметінен босатылғанын хабарлады.

22 маусымда апатқа кінәлі Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал 6 шілдеде Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов осы іс бойынша әрекетсіздік танытқан полиция қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етті.

Войдите, чтобы оставить комментарий