Әбенов Пакты жазасыз қалдырған полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразы болды

06.07.2026 15:38 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Әбенов Пакты жазасыз қалдырған полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразы болды
221

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында 3 адамның өмірін қиған жол апатына қатысты полиция қызметкерлерін әрекетсіздігі үшін жауапқа тартуды талап етті. Бұл туралы депутат өзінің facebook парақшасында хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Депутаттың айтуынша, бұл кездейсоқ қылмыс емес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жүйелі бұзушылықтардың салдары. Ол жүргізушінің бұған дейін де бірнеше рет ереже бұзғанын, алайда оған ешқандай шара қолданылмағанын сынады.

"Оған осынша уақыт бойы жол жүру ережелерін жүйелі түрде бұзуға кім рұқсат бергені, бұл әрекеттерді кім жасырғаны белгісіз. Неліктен оған айыппұл жинауға мүмкіндік берілгені, неге 6 ай бұрын көлік жүргізу құқығынан айырмағаны сұрақ тудырады. Тіпті апат болған күні ол мейрамханадан мас күйінде шығып, қос тұтас сызықты кесіп өткен, барлық жерде камералар мен полиция болды. Полиция оны неге жібере салғаны, жалған нөмірлерді кім бергені түсініксіз", – деді Мұрат Әбенов.

Пайымдауынша, бұл іс қосымша тергеуді қажет етеді. Бұған дейін президент тиісті тергеу жүргізіп, кінәлілерді, оның ішінде полиция қызметкерлерін де жауапқа тартуды тапсырған. Алайда мәжілісменнің сөзіне қарағанда, бүгінгі күнге дейін бірде-бір тәртіп сақшысы жазаланбаған, жауапкершілік тек жүргізушіге жүктелген.

"Мен мұны мүлдем дұрыс емес деп санаймын. Біреулерге ереже бұзуға, рөлге мас күйінде отыруға рұқсат берілмеуі керек. Біздің камералар тек айыппұл санына ғана жұмыс істейді. Егер жүргізуші жоғары жылдамдықпен қатарынан 5 рет ереже бұзса, камералар белгі беруі қажет", – деп мәлімдеді депутат.

Мұрат Әбенов мысал ретінде Астанада қарапайым отбасынан шыққан жас жігіттің қате көшемен жүріп өткені үшін 5 тәулікке қамалғанын еске салды. Ал бұл жағдайда полиция қызметкерлері жүргізушінің заңсыз әрекеттеріне көз жұма қараған.

"Олар жүргізуші 3 адамды өлтіргенше күтті. Оны осы уақытқа дейін қорғап келгендер, мас күйінде көлік жүргізуіне жол бергендер жазалануы тиіс. Бұл қызметтік әрекетсіздік. Қылмыстық кодексте әрекетсіздік үшін 370 бап бар. Егер полиция шара қолданбай, соның салдарынан адам қайтыс болса, бұл кем дегенде қылмысқа қатысу ретінде бағалануы керек", – деді ол.

Депутат құқық қорғау органдарында жемқорлық жойылмайынша, заңдарды қатайту еш нәтиже бермейтінін баса айтты. Сонымен қатар ол жақында Алматы облысында полицияға қатысы бар адамның кінәсінен болған ұқсас апат туралы ақпарат тарағанын алға тартты.

"Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме бермеді. Кез келген ақпаратты жасыру болашақтағы қылмыс қаупін күшейтеді", – деді Әбенов.

Айта кетсек, бұған дейін Алматыда Zeekr жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, Mercedes көлігіне соғылған болатын. Апат салдарынан Mercedes көлігіндегі 3 адам қаза тапты. Ал 22 маусымда апатқа кінәлі Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий