Алматы әлемде 2025 жылы баруға лайықты ең үздік орындардың тізімін бастады
Алматы қаласы CNN Travel редакциясы жасаған әлем бойынша 2025 жылы баруға міндетті 25 бағыттың көшбасшысы атанды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
"Орталық Азияның ерекше қалалары мен таңғажайып табиғи ландшафттары ерекше тартымды. Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматы бұл тізімде бірінші орынға ие болды. Алматыны "аймақтың жаңа мәдени астанасы" деп атауға болады. Бұл қалада керемет тағамдар, жанданған түнгі өмір, дамып келе жатқан мәдени және өнер сахнасы, сондай-ақ Тянь-Шань тауларына жақын орналасқандықтан, таңғажайып табиғатқа оңай қол жеткізу мүмкіндігі бар", – делінген мақалада.
CNN Travel Алматы метрополитенінің станцияларын өнер туындысымен салыстырады және бұл мәдени мұражайлармен қатар, қаланың бірегейлігін арттыратынын атап өтеді. Мысалы, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында 20 мыңнан астам өнер туындысы сақталған.
Алматыға жетудің де оңай екенін айтқан авторлар, Еуропа, Азия және Таяу Шығыстан тікелей рейстер бар екенін және Қазақстан көптеген елдердің, соның ішінде АҚШ, Канада, Австралия мен Ұлыбритания азаматтарына визасыз кіруге мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Бұған дейін CNN Travel Алматыны "мәдениет пен серпінді дамудың астанасы" деп бағалап, оның таңғажайып өсіп-өркендеп келе жатқан мегаполис екенін жазған болатын.
Сондай-ақ, Lonely Planet жыл сайынғы Best in Travel 2025 рейтингінде Қазақстанды саяхатқа ең лайықты елдер қатарына енгізді. Итальяндық Dove Travel журналының тізіміне ТМД елдерінен тек Қазақстан кірген.