Алматы хайуанаттар бағында ер адам мүйізтұмсықтың көзіне тас лақтырған
Алматы хайуанаттар бағында келушілердің бірі мүйізтұмсыққа тас лақтырып, жануарға зиян келтірмек болған. Бұл туралы оқиғаның куәгері әлеуметтік желіде жазғаннан кейін, хайуанаттар бағының әкімшілігі ресми мәлімдеме жасап, полицияға жүгінді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Куәгердің айтуынша, ол анасымен серуендеп жүргенде белгісіз ер адам мүйізтұмсықтың көзіне қарай бір зат лақтырған.
«Бір адам (егер оны адам деп атауға келсе) мүйізтұмсықтың көзіне бірдеңе лақтырды. Тас па, басқа зат па, байқап үлгермедім. Бірақ, мүйізтұмсық жай тұрған, ешкімге тиіспеген. Ал, бұл “адам” не үшін оған зиян келтірді? Кейде кейбір адамдар жануарлардан да жаман сияқты көрінеді. Себебі, жануарларда инстинкт болса, бізде жан мен ар-ұят болуы керек. Мүйізтұмсық кейін көзін қысып тұрды, ауырғаны көрініп тұрды. Хайуанаттар бағы мұндай келушілерді жазаласа екен деймін», - деп жазды ол Threads желісінде.
Бұл жазба желі қолданушылары арасында кең таралып, қоғам наразылығын тудырды.
Мекеме өкілдері оқиғаға байланысты жануардың жағдайын дереу тексеріп, абырой болғанда, ешқандай жарақат анықталмағанын хабарлады.
«Мүйізтұмсықтың жағдайы қанағаттанарлық, көзінде де, денесінде де жарақат жоқ», - делінген ресми хабарламада.
Хайуанаттар бағының әкімшілігі ішкі тексеру жүргізіп, барлық бейнебақылау материалдарын зерттеуде. Оқиғаға қатысты деректер құқық қорғау органдарына жолданып, күдіктіні анықтау жұмыстары басталды.
Соңғы жаңалықтар