Алматы облысында 10 жастағы баланы иттен құтқарып қалған тұрғын марапатталды

Алматы облысында 10 жасар баланы иттен арашалап қалған Серікбек Сақайбаев марапатталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қарасай ауданының әкімдігі мәліметінше, 30 маусымда Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында 10 жасар балаға ит шабуыл жасап, ол ауыр жарақат алған.
Оқиға орнына құзырлы орган өкілдері келгенше, ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаев өміріне төнген қауіпке қарамастан, баланы арашалап, аман алып қалған.
"Бұл – нағыз азаматтық, батылдық пен шынайы ерліктің үлгісі", - дейді әкімдік өкілдері.
Серікбек Сақайбаевтың батылдығы елеусіз қалмады. Оған құрмет көрсету мақсатында арнайы марапаттау шарасы ұйымдастырылған.
Шара барысында Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстаған.
Сонымен қатар аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков арнайы келіп, Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырған.
Қарасай ауданы әкімдігінің өкілдері зардап шеккен балаға тезірек сауығып кетуін тілеп, бұл істі толығымен бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар





