Алматы облысында 62 жастағы ер адам 15 жастағы немересіне тиісті деп айыпталуда
Алматы облысы Қаскелеңде 62 жастағы ер адам 15 жастағы өгей немересіне қол жүгіртті деген күдікке ілінді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Оқиға наурыз айынан бастап жалғасқан. Қыздың айтуынша, өгей атасы түнде бөлмесіне кіріп, бетінен сүйіп, жамбасын ұстап, қолын сипаған. Күндіз үйде ешкім болмағанда телефоннан ұятсыз видеолар мен жас қыздардың жалаңаш суреттерін көрсеткен.
«Наурыз айынан бастап ата маған басқаша көзбен қарады, қырындап. Наурыз айының ортасында, бір күні ұйықтап жатқан кезде жаныма келіп, жамбасымды ұстап, қырындап, қолымды сипап, бетімді сүйіп, кетіп қалды. Кешке ата жұмыстан келді, әдеттегідей ішіп келді. Ішіп келгенін көріп, мамам айтса да, тамағын берген жоқпын. Ыдыс жуып тұрған кезде мені бөлмесіне шақырды. Мен ыдыс жуып алайын дедім. «Тастай тұршы, қазір жуасың ғой» деді. Сөйтіп бөлмесіне бардым, ол маған телефоннан ұятсыз видеолар көрсетті, жас қыздармен еркектердің жалаңаш фотоларын, видеоларын көрсетті», — дейді қыз.
Қорқынышқа толы қыз ұзақ уақыт бойы үндемеген. Әсіресе анасының жүкті екенін біліп, оны ренжіткісі келмеген. Жағдайды жасыру үшін тіпті жастығының астына пышақ қойып ұйықтай бастаған.
Соңғы кездері қызының мінезі өзгергенін байқаған анасы психологқа жүгінеді. Сол жерде қыз маманға бәрін айтып береді.
Анасы бірден күйеуіне барған. Ол медбикелік қызмет атқарады, кейде түнгі ауысымда жұмыс істейді. Алғашқы некесінен екі бала, екіншісінен кішкентай қызы бар. Қазір үшінші баласына жүкті.
«Күйеуімді күттім, күйеуімнің көзінше дастарқан басында отырып, «папа, телефоныңызды ашып беріңіз» дедім. «Жайша ма?» деді. Сосын ашып-ашып, баяғы фотоны тауып алдым да, «мына қыздың суретін не үшін түсіріп алдыңыз» дедім. «Жай, әшейін, фото ғой, жай ғана қызық болды» дейді. Сондай жауап күттім. «Қызық болды» дегенді қалай түсінем, папа, маған анығын айтсаңызшы, сізге жамбасы қызық болды ма, менің қызымның?» деп едім, сонда күйеуім ана жерде отырды да, «сен әлі папамның телефонын ақтаратын болғансың ба?!» деп, мені ұрып тастады», — дейдің қыздың анасы.
Әйел полицияға арыз жазып, үш баласымен үйден кетіп қалған. Қазір оларды жанашыр адамдар уақытша паналатып отыр.
Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдиннің мәлімдеуінше, оқиғаның барлық мән-жайы толық тексеріліп жатыр.
«Бұл факт бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесі тергеу нәтижесі бойынша заңға сәйкес шешіледі. Тергеу жалғасуда және Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — деді Ернар Сәйділдин.
Қазір күдікті еркін жүріп тұр. Ол мектеп автобусының жүргізушісі болып жұмыс істейді.
Соңғы жаңалықтар