Алматы облысында діншіл жігіт бейіттерді қиратып тастаған

Алматы облысындағы Саты ауылында әсіредіншіл көзқарастағы азамат зираттарды қиратқан оқиға елді дүр сілкіндірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Жергілікті тұрғындар мен қоғам белсенділері бұл әрекетті «дін атын жамылған вандализм» деп бағалап, қатаң жазалауды талап етуде.
Оқиға Саты ауылында болған. Көлсай көлдерінің түбінде орналасқан бұл елдімекендегі зиратта белгісіз ер адам бірнеше құлыптасты қиратқан. Қабірлердің қорланғаны туралы видео әлеуметтік желілерде тарап, жұрттың наразылығын тудырды. Кадрларда бейіт басында шашылып жатқан құлыптастар анық көрінеді.
Журналист Диас Нұрақынның айтуынша, бұл әрекетке барған азамат «дінімізге қайшы» деген желеумен қабірлерді қиратқан. «Көлсайдың түбіндегі Саты ауылын соқыр сенім кезіп жүр. Осы ауылдың бір жігіті зиратты талқандап тастапты. Жақындарының қабірі қорланғанын көрген аядай ғана ауыл тұрғындары ашулы», – деп жазды ол өзінің парақшасында.
Журналист бұл жағдайға әлеуметтік желілер мен интернетте кең таралған күмәнді діни уағыздардың әсері бар екенін алға тартады.
«Бір есерсоқ бүтін бір ауылдың берекесін қашырады. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Мұның бәрі тик-ток имамдардың, уағызшыл ұстаздардың кесірі. Бір ғана кітап оқып алған, көкірегі соқыр адамдар соларға сеніп, асыл дінімізді ластап бітті», – деп ашынды ол.
Ауыл тұрғындары бұл әрекетті ислам дініне де, адамгершілікке де жат деп санайды. Қазір жағдайды құқық қорғау органдары мен жергілікті әкімдік бақылауға алып, тексеріс жұмыстарын бастаған. Тиісті органдар аталған азаматтың жеке басы мен оның қандай діни бағытты ұстанатынын анықтап жатыр.
Дін мамандары мен теологтар халықты дінді тексерілген, ресми қайнар көздерден үйренуге шақырып, әсіредіншілдікке қарсы күресті күшейту қажет екенін айтып отыр.
Соңғы жаңалықтар





