Қазақстанда үш жанармай бекетінен сапасыз бензин анықталды
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында Қазақстандағы жанармай сапасына қатысты жүргізілген тексерістердің нәтижесін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
2026 жылдың басынан бері еліміздегі 76 автожанармай құю станциясында тексеру жүргізілген. Нәтижесінде алынған 78 жанармай сынамасының үшеуі белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Сапасыз бензин Алматы қаласындағы, Қызылорда облысындағы және Жетісу облысындағы жанармай бекеттерінен анықталған. Аталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Солтүстік өңірлер тұрғындарынан түскен шағымдардан кейін ведомствоаралық комиссия құрылған. 25 тамызда комиссия Павлодар мұнай-химия зауытында тексеру жүргізіп, бензин сынамаларының стандарттарға сәйкес келетінін анықтаған.
Қазір комиссия жанармайдың өндірілген сәтінен бастап оны автожанармай құю станцияларында сатуға дейінгі бүкіл тізбегіне аудит жүргізіп жатыр.
Бектеновтің айтуынша, Үкімет әрбір жанармай партиясының қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе әзірлеуде. Жанармайдың шығу тегі мен зертханалық бақылау нәтижелері туралы ақпаратты QR-кодпен байланыстыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Құрылтайда техникалық реттеу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Құжатқа мемлекеттік бақылаудың жаңа түрі – тергеп-тексеру енгізу ұсынылған. Бұл жанармай сапасына қатысты заңбұзушылықтардың себебін анықтап, өнімнің жеткізілім жолын нақты өндірушіге немесе импорттаушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді.
Премьер-министр сапасыз жанармай көлікке зиян келтірген жағдайда, қолданыстағы заңнама автокөлік иелерінің құқығын қорғайтынын атап өтті. Тұтынушы келтірілген шығынды жанармай сатушыдан немесе өндірушіден өтеуді талап ете алады. Сондай-ақ сатушы сараптама жүргізуге кеткен шығындарды да өтеуге міндетті.
Соңғы жаңалықтар