Қазақстанда жәрдемақы көрші елдерден жоғары: экономист сандарды салыстырды
Қазақстан әлеуметтік қолдау деңгейі бойынша аймақтағы көшбасшы елдердің қатарында. Экономист Айдархан Құсайынов бірнеше елдегі жәрдемақы мөлшерін салыстырып, осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Politico.kz.
Сарапшы мүгедектігі бар адамдарға, бала туған отбасыларға және көпбалалы ата-аналарға берілетін төлемдерді зерттеген. Ол Қазақстандағы көрсеткіштерді көрші және әлеуметтік жағдайы ұқсас мемлекеттермен салыстырды.
«Әлеуметтік қолдаудың негізгі көрсеткіштері мен бағыттары бойынша біз шынымен де аймақтағы ең жомарт елміз. Тіпті салыстыруға алынатын елдердің ауқымын кеңейтсек те, нәтиже өзгермейді», деді Құсайынов.
Экономист алдымен мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақы мөлшеріне тоқталды.
Қазақстанда 2026 жылы жалпы ауру салдарынан мүгедектік алған бірінші топтағы азаматтарға 111 873 теңге төленеді. Екінші топқа 89 498 теңге, үшінші топқа 61 022 теңге қарастырылған.
Құсайыновтың салыстыруынша, бұл төлемдер бойынша Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі жетекші елдердің қатарында.
«Мүгедектік бойынша жәрдемақыны салыстырсақ, бізден тек Беларусь озып тұр. Оның өзінде үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға берілетін төлем бойынша ғана», деді экономист.
Сарапшы бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақыны да салыстырды.
Қазақстанда 2026 жылы бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге төленеді. Төртінші және одан кейінгі балаларға берілетін біржолғы жәрдемақы 272 475 теңге болады.
«Біздегі біржолғы төлем көрші елдерден әлдеқайда жоғары. Ресейде шамамен 149 мың теңге, Тәжікстанда 28 мың теңге, Өзбекстанда 29,7 мың теңге төленеді. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 21,5 мың теңге, Әзербайжанда 158 мың теңге», деді Құсайынов.
Экономистің мәліметінше, аталған елдердің ішінде тек Беларусьте жәрдемақы мөлшері Қазақстаннан жоғары.
«Беларусьте бірінші бала дүниеге келгенде шамамен 790 мың теңге беріледі. Екінші және одан кейінгі балаларға төленетін біржолғы жәрдемақы 1,1 миллион теңгеге жетеді», деді ол.
Осылайша, Құсайынов салыстырған елдердің басым бөлігінде бала туған кездегі біржолғы төлем Қазақстандағыдан төмен.
Бірақ елімізде отбасыларға көрсетілетін көмек біржолғы төлеммен шектелмейді.
Қазақстанда жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын жәрдемақы беріледі. 2026 жылы бірінші балаға 24 912 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 38 493 теңге төленеді.
Жұмыс істейтін ата-аналар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлек әлеуметтік төлем қарастырылған. Оның мөлшері ата-ананың бұрынғы табысына байланысты есептеледі.
Құсайынов өз салыстыруында Қазақстандағы бала күтіміне берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 25 мыңнан 40 мың теңгеге дейін деп көрсеткен. Ол жұмыс істейтін ата-аналарға қатысты 87 мың теңге мен жалақының 40 пайызы мөлшеріндегі төлемді де атаған.
«Ресейде бала күтіміне 45 мыңнан 90 мың теңгеге дейін немесе жалақының 40 пайызы мөлшерінде төлем қарастырылған. Тәжікстанда, Өзбекстанда және Әзербайжанда біз салыстырып отырған форматтағы мұндай жәрдемақы жоқ. Қырғызстанда шамамен 7 мың теңге төленеді», деді экономист.
Сарапшы көпбалалы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауға да назар аударды.
Қазақстанда төрт және одан көп баласы бар отбасыларға ай сайын жәрдемақы беріледі. Бұл төлемді тағайындау кезінде отбасының табысы ескерілмейді.
2026 жылы төрт баласы бар отбасылар ай сайын 69 330 теңге алады. Бес баласы барларға 86 673 теңге, алты баласы барларға 104 017 теңге төленеді.
Жеті баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақы 121 360 теңге. Сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін 17 300 теңгеден есептеледі.
Құсайыновтың айтуынша, көрші мемлекеттерде көпбалалы отбасыларды қолдау тәртібі өзгеше.
«Қазақстанда төрт және одан көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан ай сайын жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 69,3 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеден асады», деді сарапшы.
Экономист Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы төлемдердің көбіне табысы төмен отбасыларға бағытталғанын айтты.
«Бұл елдерде көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек негізінен атаулы сипатқа ие. Төлем мөлшері 4,1 мың теңгеден Ресейдегі 90 мың теңгеге дейін жетеді. Ал Әзербайжанда бесінші баладан бастап әр балаға 37 мың теңге жәрдемақы қарастырылған», деді Құсайынов.
Экономистің пікірінше, әлеуметтік қорғау жүйесін бағалау кезінде бір ғана жәрдемақыға сүйенуге болмайды. Мүгедектігі бар адамдарға, бала туған отбасыларға және көпбалалы ата-аналарға көрсетілетін көмекті бірге қарастыру қажет.
«Қазақстан өз азаматтарына қолдау көрсетіп отыр. Әлеуметтік қолдау деңгейі бойынша біз көрші және салыстыруға болатын басқа мемлекеттерден де жомартпыз», деп қорытындылады Айдархан Құсайынов.
Соңғы жаңалықтар