Алматыда әйелі мен енесінің қолынан қаза тапқан ер адам туралы тың дерек шықты
Алматы облысы Талғар қаласында 47 жастағы ер адамды әйелі мен енесі пышақтап өлтірді деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі анықтаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның туыстарының айтуынша, жанжал отбасындағы малға байланысты дау-дамайдан басталған. Олардың сөзінше, ер адамның әйелі күйеуіне айтпай үш жылқысын сатып жіберген. Кейін бұл жағдай белгілі болып, ер адам полицияға арыз жазған.
«Бауырымыз арызданғаннан кейін полиция жылқыларды кім сатқанын, кімге өткізгенін анықтады. Жылқыны сатып алған адам біздің жеңгемізді көрсеткен. Бірақ ол мойындамаған соң, араларында жанжал шыққан», – дейді марқұмның Қайрат есімді туысы.
Туыстарының айтуынша, күдікке ілінген әйел де, оның анасы да Талғар әкімдігінде жұмыс істейді.
«Әйелі әкім орынбасарының хатшысы, ал енесі әкімдік ғимаратында күзетші болып істейді. Біздіңше, осы себептен де істі ұзақ уақыт жарияламай, жасырып отырды», – дейді марқұмның жақындары.
Айтуларынша, қаза тапқан Алмат Есенов кәсіпкер болған. Ол мал шаруашылығымен айналысып, қаладағы газ қызметін көрсететін серіктестіктердің бірінде басшылық қызмет атқарған.
Туыстарының сөзінше, күдіктілер ер адамды өлтіргеннен кейін бірнеше сағат бойы пәтердің балконында тығылып отырған. Сол уақытта марқұм көмек сұрап айқайлаған.
«Ағамыз жан дауысы шығып айқайлаған. Есіктен шыға алмаған. “Көмектесіңдер” деп айқайлағанын көршілер естіген. Қарама-қарсы тұратын көршісі пәтер иесіне хабарласқан. Үй иесі келген соң полиция шақырылған», – дейді марқұмның туыстары.
Күйеуін өлтірді деген күдікке ілінген әйел 39 жаста. Қазіргі уақытта ерлі-зайыптылардың төрт баласы марқұмның ата-анасының қолында тәрбиеленіп жатыр. Олардың жасы 4 пен 15 аралығында. Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға балалардың көз алдында болған.
Марқұмның қарындасы Әлияның айтуынша, ағасы оқиға болардан бірнеше сағат бұрын хабарласып, үйдегі жағдайдың қалыпты екенін айтқан.
«Кешкі алты жарым шамасында сөйлестік. “Кішкентай ұлыммен үйдемін, ұйықтайын деп жатырмын, қалған балалар сабақта” деді. Ал сағат он шамасында полициядан ағамның ауыр жарақат алғаны туралы хабар келді», – дейді ол.
Зардап шеккен отбасының адвокаты Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, сараптама нәтижесінде марқұмның денесінен 30-дан астам пышақ жарақаты анықталған.
Алматы облыстық полиция департаменті күдікке ілінген екі әйелдің қамауға алынғанын және қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Последние новости