Алматыда азаптау ісі бойынша сотталған экс-полицейдің жазасы ауырлатылды

24.11.2025 14:51 Арман Ермеков
Алматыда азаптау ісі бойынша сотталған экс-полицейдің жазасы ауырлатылды
0
288
Фото: АҚмЗСЖҚХБ

Алматы қалалық соты қаңтар айында қала тұрғынына күш қолданып, азаптаған бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты апелляциялық шағымды қарады. Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертіп, айыпталушының жазасын ауырлатты, деп хабарлайды Politico.kz сайты АҚмЗСЖҚХБ-сына сілтеме жасап.

Оқиға биылғы жылдың бірінші қаңтарында, жаңа жыл мерекесі кезінде болған еді. Алмалы аудандық полиция басқармасына көршілерімен жанжалдасқан Александр Зуев есімді азамат жеткізіледі. Сол күні кезекшілікте тұрған полиция күзетшісі Қасымжомарт Мұсырманқұлов ұсталған азаматтың қолына кісен салып, одан жазбаша түсініктеме алу үшін күш қолданған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, жәбірленушінің оң тізесінен жарақат алып, жұмсақ тіндерінің қатты жаншылғаны расталды.

Жәбірленушінің сөзінше, оны сол түні үш бірдей қызметкер жабылып ұрған. Алайда бейнебақылау камерасына тек Мұсырманқұловтың әрекеті түсіп қалғандықтан, қылмыстық іс нақты дәлелі бар осы қызметкерге қатысты қозғалды.

Сот процесі кезінде айыпталушының өзін ұстауы істің барысын өзгертті десе де болады. Бастапқыда жәбірленуші Зуев экс-полицейге кешіріммен қарап, жеңіл жаза сұрауға ниетті болған. Бірақ сотталушы өз кінәсін мойындап, өкінудің орнына, керісінше жәбірленушіні жалған арыз жазды деп айыптап, жауапқа тарттырамын деп сес көрсеткен. Айыпталушының бұл әрекетінен кейін жәбірленуші райынан қайтып, оған заң аясында тиісті жаза тағайындауды сұрады.

Алғашында аудандық сот 19 қыркүйекте экс-полицейді кінәлі деп тауып, 2 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда бұл шешімге екі тарап та көңіл толмай, апелляциялық шағым түсірді: жәбірленуші жазаны күшейтуді, ал сотталушы ақтауды талап етті.

Қалалық сот істі қайта қарап, Мұсырманқұловтың шағымын қанағаттандырмады. Есесіне, үкім өзгертіліп, тағайындалған жаза мерзімі 2 жылдан 3 жылға дейін ұзартылды. Ең басты өзгеріс – енді экс-полицей жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде емес, орташа қауіпсіздік колониясында өтейтін болады.

Сондай-ақ, оқиғаға қатысы бар делінген, бірақ камераға түспей қалған өзге екі қызметкердің ісі алдағы уақытта "билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бабы бойынша қаралуы мүмкін.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий