Алматыда діни контент таратқан блогер жауапқа тартылды
Алматы қаласында блогер әлеуметтік желілерде діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заң бұзушылықты Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы жүргізген мониторинг барысында анықтаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылы 24 шілдеде азаматқа қатысты әкімшілік кодекстің 490-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Әкімшілік іс жүргізу барысында блогер өз кінәсін толық мойындаған. Осыған байланысты іс қысқартылған тәртіппен қаралып, оған әкімшілік айыппұл салынған.
Еске салайық, бұған дейін аталған блогер сән көрсетілімі кезінде подиумға шыққан қыз балалар туралы жариялаған бейнеүндеуінен кейін қоғам назарын аударған еді.
Онда ол балалардың мұндай іс-шараларға қатысуын діни тұрғыдан сынға алып, өз көзқарасын білдірген. Аталған жарияланым әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамда әртүрлі пікір туғызған.
Діни материалдарды қандай орындарда тарату керек?
Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы азаматтарды діни қызмет саласындағы заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес, діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға тек заңда белгіленген орындарда ғана рұқсат етіледі.
Атап айтқанда, мұндай материалдарды ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ орналасқан жерлерін жергілікті атқарушы органдар айқындайтын арнайы стационарлық үй-жайларда ғана таратуға болады.
Басқарма өкілдері заң талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Соңғы жаңалықтар