Алматыда екі жасөспірімді өлтірді деген күдікпен үш адам қамалды

06.05.2026 16:30 Арман Ермеков
Алматыда екі жасөспірімді өлтірді деген күдікпен үш адам қамалды
720
Politico.kz | ЖИ арқылы жасалған сурет

Алматыда компьютерлік клубтың маңында болған жаппай төбелес кезінде екі жасөспірімді өлтірді деген күдікпен үш адам қамалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек басты күдіктілердің ұсталғанын және барлық қатысушылардың іс-әрекеті заң жүзінде қалай сараланатынын айтты.

«Адам өліміне әкеп соққан әрекеттерді жасаған тұлғалар анықталды. Бұл «Кісі өлтіру» бабы. Олар қамауға алынды, барлығы үш адам, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Қалған қатысушыларға Қылмыстық кодекстің 293-бабында көрсетілген «Бұзақылық» бойынша айып тағылуда. Тергеу жалғасып жатыр, төбелеске шамамен 12 адам қатысқан болуы мүмкін», – деді Салтанат Әзірбек.

Көшеде орнатылған бейнебақылау камераларының арқасында құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын минуттап қалпына келтірген.

«Бізде бейнебақылау жүйесі бар, оқиға хронологиясын нақты білеміз. 103 пультіне қоңырау қашан түскені, жедел жәрдем бригадасы қай мекенжайға және қашан келгені, сондай-ақ реанимациялық шаралардың бәрі жазылған. Олар баланы бірден 7-қалалық клиникалық ауруханаға қалай тасымалдайтыны да көрінеді. Жедел жәрдем шақыру орнынан алып кеткен сәттен бастап ауруханаға дейін 5-6 минут өтті. Бейнекамералардың көмегімен оқиғалар хронологиясы минуттап жазылды», – деп мәлімдеді ведомство өкілі.

Бұл қайғылы жағдай 29 сәуірден 30 сәуірге қараған түні болған. Мекеме ішінде басталған кикілжің мен сөз таласы даладағы жаппай төбелеске ұласқан. Қақтығыс салдарынан 17 жастағы Ешім Қалдыбай мен Дінмұхаммед Есенгелді пышақ жарақатын алып, ауруханада жан тәсілім етті.

Қазіргі уақытта марқұмдардың ата-анасы кінәлілердің барлығын заң алдында толықтай жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий