"Қиналып жан тапсырған": төбелес кезінде қаза тапқан Дінмұхамедтің туыстары тың дерек айтты

04.05.2026 17:00 Мөлдір Қайнар
2077
Фото: orda.kz

Алматы қаласында жасөспірімдер арасында болған жаппай төбелес қайғылы жағдаймен аяқталып, екі кәмелетке толмаған азамат қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаза болғандардың бірі – 17 жастағы Дінмұхамед Есенгелді. Оның туыстары әділдік талап етіп, оқиғаның мән-жайын Orda.kz  тілшісіне баяндады.

Қайғылы оқиға 29 сәуірден 30 сәуірге қараған түні Алматы қаласының Алатау ауданында болған. Туыстарының айтуынша, жанжалға шамамен 17 адам қатысқан. Соның салдарынан үш адам жараланып, екеуі көз жұмған. Марқұмның әкесі Натан Абдирасиловтың сөзінше, Дінмұхамед бірнеше жерден пышақ жарақатын алған.

«Оқиғаның қалай болғанын білмейміз. 30 сәуір таңертең суық хабар келді. Дінмұхамедтің жанында досы болған. Жарақат алғаннан кейін оқиға орнынан қашпақ болған. Бірақ алған жарақатының ауырлығынан жарты жолда құлап, көп қан жоғалтқан. Пышақтаған бала мойындап отыр», – дейді әкесі.

Марқұмның әпкесі Айдананың айтуынша, Дінмұхамед бұған дейін өзінен ақша бопсалағанын айтып шағымданған.

«Бір апта бұрын маған “Әкежан аптасына 5000 теңге беріп отырасың деп жатыр, бұның арты жақсылыққа бармайды” деген еді. Мен ініме ондай адамдардан аулақ жүруді айттым. Біз оның достарын танимыз, бірақ бұл жігітті танымаймыз», – дейді әпкесі.

Қара жамылған анасы Гүлшат та оқиғаға қатысты ауыр күйін жеткізді.

«Балам 17 жаста еді. Сол күні “достарымның үйінде боламын” деп кеткен. Кәмелетке толмаған баламды аяусыз өлтіріп кетті. Балам қатты қиналып жан тапсырған. Баламды өлтіргендердің ата-анасы кешірім сұрап келмеді», – деді ол көз жасын тыя алмай.

Туыстарының айтуынша, күдікті ретінде 20 жастағы Әкежан есімді азамат аталады. Олар кінәлілердің толықтай жауапқа тартылып, қатаң жаза алуын талап етуде.

Оқиға кезінде Дінмұхамедтің жанында болған досы Нариман да зардап шеккен. Оның әкесі Арсланның айтуынша, ұлы досын құтқаруға барынша тырысқан.

«Олар бала кезден бірге өскен. Дінмұхамед жараланған кезде ұлым қорыққанына қарамастан қайта оралып, көмектескен. Бетін сулап, жарасын басуға тырысқан», – деді ол.

Қазіргі уақытта Нариман тергеу абақтысында отыр. Оның нақты күдікті не куәгер ретіндегі мәртебесі әлі анықталмаған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, төбелес компьютер клубы маңында басталып, кейін жаппай қақтығысқа ұласқан. Оқиға барысында жасөспірімдердің бірі қарсыласына пышақ сұғып, артынша тағы бір жасөспірім де жарақат алып, көз жұмған. Қазір аталған іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Войдите, чтобы оставить комментарий