Алматыда мектеп-интернаттағы құрылысты тоқтатқан мердігерлерге қоғам үн қатты

Алматыда мектеп-интернаттағы құрылысты тоқтатқан мердігерлерге қоғам үн қатты
01.06.2025 17:16
0
113
Фото: видеодан скрин

Алматыда Ибраим Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернаттың бірнеше жылға созылған құрылыс дауы Балаларды қорғау күні қарсаңында қоғамдық резонанс тудырды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

2022 жылы басталған қайта жөндеу жұмыстары толық аяқталмай, жосықсыз мердігердің кесірінен тоқтап қалған. Бастапқыда бөлінген 596,7 миллион теңге жеткіліксіз болып, биыл тағы 300 миллион теңге қарастырылғанымен, мектеп әлі де білім беруге толық жарамсыз күйде тұр.

«Жаңа адамдар» қозғалысының бастамасымен интернаттың алдына «Аман қалу VS Білім алу?» деген жазуы бар баннер ілініп, мердігерлерге арнап ChatGPT-ден алынған жөндеу жұмыстары бойынша қадамдық нұсқаулық орнатылды. Белсенділер бұл әрекетімен балалардың шаң мен бетон арасында емес, сапалы әрі қауіпсіз ортада білім алуға құқы бар екенін еске салмақ болды.

«Құрылыс мәселесі әлі де шешілмеді. Бұл жай ғана символ емес — бұл қоғамның жан-айқайы», — дейді белсенді Назік Ходжагелдиева. Оның айтуынша, қоғамдық қысым арқылы ғана мектептің қалыпқа келуіне ықпал етуге болады.

Бүгінде 170-ке жуық бала білім алып жатқан ғимарат оқу ордасынан гөрі қараусыз қалған нысанға көбірек ұқсайды. Мәселе шешілмейінше, «Халық Қаһары» жобасының қатысушылары күресін жалғастыратынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі өте маңызды», — деген сөзі осы жағдайға тікелей үндеу секілді.

Мектеп – бейжайлық пен салғырттықтың емес, үміт пен білімнің символына айналуы тиіс.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий