Алматыда оқушылар түтінге уланып қалды: бірнеше бала зардап шекті

10.02.2026 16:27 Әсел Мұрат
Алматыда оқушылар түтінге уланып қалды: бірнеше бала зардап шекті
220
Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласындағы мамандандырылған гимназиялардың бірінде өткен мектептегі шара барысында оқушылар жасанды түтін шығаратын құрылғыдан зардап шекті, деп хабарлайды Politico.kz.

Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, 9 ақпанда №199 мамандандырылған гимназияның акт залында ұйымдастырылған мәдени іс-шара кезінде сахналық түтін тарататын арнайы құрылғы қолданылған. Құрылғы іске қосылғаннан кейін бірнеше оқушының денсаулығы нашарлап, жөтел пайда болып, көздері жасаурай бастаған.

Гимназия басшылығы жағдайға жедел түрде әрекет етіп, балаларды медицина қызметкері тексерген, сондай-ақ жедел жәрдем шақырылған. 12 жастағы алты бала Алматы қалалық балаларға арналған шұғыл медициналық көмек орталығына «жасанды тұманнан улану» белгілерімен жеткізілді. Олар токсикология бөлімшесіне жатқызылды. Дәрігерлердің мәліметінше, балалардың жағдайы орташа ауыр, бірақ тұрақты. Қазіргі уақытта ем Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген хаттамаларына сәйкес толық көлемде жүргізілуде.

Оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп, түтін шығаратын құрылғыны пайдалануға рұқсат берген педагог тәртіптік жазаға тартылды.

Сонымен қатар Ұлттық сараптама орталығының мамандары ауа құрамынан сынамалар алып, зертханалық талдау жасады. Зерттеу нәтижелері қосымша хабарланатын болады.

Бұдан бөлек, гимназияда жаппай іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау күшейтілді. Қазіргі таңда жағдай мектеп әкімшілігі мен қалалық білім басқармасының қатаң бақылауында.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий