Алматыда оқушылар жаппай уланған мектептің директоры ауысты

Алматыда оқушылар жаппай уланған мектептің директоры ауысты
Фото: digitalbusiness.kz
Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) Алматы филиалына жаңа директор тағайындалды. Бұл лауазымға бұған дейін мектепті басқарған Алмаз Күнғожин оралды. Кадр өзгерісі оқушылардың жаппай уланғанынан кейін болды, деп хабарлайды Politico.kz.

РФММ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «РФММ» КеАҚ Алматы филиалының директоры болып «Математика» мамандығы бойынша PhD докторы Алмаз Мұхамбетұлы Күнғожин тағайындалды. Бұрынғы директор Мейірбек Мейірлан Едігерұлы осы қызметтегі жұмысын аяқтады.

Күнғожин мектепті 2018-2023 жылдары басқарған. Әр жылдары ол РФММ-да мұғалім, математикадан олимпиадаға дайындайтын жаттықтырушы және директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары болған. 2023 жылғы қыркүйектен бастап «РФММ» КеАҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Баспасөз қызметі оның өзі де РФММ түлегі екенін атап өтті.

Не болған еді

14 қазанда Алматыдағы РФММ-нің 50-ге жуық оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды. Содан кейін мектеп сабақты уақытша онлайн форматқа ауыстырды, интернат пен асхана жұмысы тоқтатылды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ғимараттарды тексеріп, зертханалық зерттеуге сынамалар алды.

Алматы полициясы оқушылардың жаппай уланғаны бойынша қылмыстық іс қозғады.

Санитарлық-эпидемиологиялық тергеу барысында мамандар кейбір дайын тағамдарда микробтық ластануды, тағам сынамалары мен ыдыс шайындыларында ішек таяқшасы тобындағы бактерияларды анықтады. Асхананың төрт қызметкерінен алтын стафилококк табылды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу