Алматыда жүргізуші баланы қағып, қашып кетті

04.11.2025 21:16 Арман Ермеков
Алматыда жүргізуші баланы қағып, қашып кетті
0
783
Фото: ашық дереккөз

Алматыда белгісіз жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан баланы қағып, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Жол-көлік оқиғасы 4 қараша күні түстен кейін, шамамен сағат 16:00-де Бостандық ауданында болған. Есеналиев көшесінің бойындағы №19 үйдің тұсында 12 жастағы қыз бала жолдың белгіленген өткелінен өтіп бара жатқан. Дәл осы сәтте оны белгісіз автокөлік қағып өткен. Жүргізуші зардап шеккен оқушыға жәрдемдесудің орнына, дереу ізін жасырған.

Қазіргі уақытта күдіктіні анықтап, ұстау үшін полиция департаменті жедел жұмыстарды бастап кетті. Іздестіру шараларына Әкімшілік полицияның арнайы іздестіру бөлімшесінің қызметкерлері жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, күдікті «Hyundai Accent» маркалы көлікті тізгіндеуі мүмкін.

«Жүргізуші міндетті түрде ұсталып, жауапкершілікке тартылады», – деп мәлімдеді полиция қызметкерлері.

Бостандық аудандық полициясы оқиғаның толық мән-жайын анықтау үстінде. Қағылған қызға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің тексеруінен кейін оны ауруханаға жатқызудың қажеті болмағаны белгілі болды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий