Алматыдағы жер сілкінісі кезінде істен шыққан ескерту жүйесіне қатысты іс бойынша бірнеше шенеунік сотталды

03.11.2025 12:25 Арман Ермеков
Алматыдағы жер сілкінісі кезінде істен шыққан ескерту жүйесіне қатысты іс бойынша бірнеше шенеунік сотталды
0
121
Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының прокуратурасы 2024 жылғы қаңтардағы жер сілкінісі кезінде істен шыққан алдын ала хабарлау жүйесіне қатысты қылмыстық істің нәтижесін жариялады. Тергеу қорытындысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары және тағы бірнеше адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Биыл 23 қаңтарда Алматыда жер дүмпуі сезілген сәтте, бұрын сатып алынған автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесі тиісті деңгейде жұмыс істемей, халық уақтылы хабарланбаған.

Осы жағдайға байланысты Мемлекет Басшысы мен Бас Прокурордың тапсырмасымен Алматы қаласының прокуратурасы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметін тексерген. Прокуратура ААЕЖ жүйесін сатып алу заңдылығын зерттеу барысында бюджет қаражатын жымқыру белгілерін анықтап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Тергеу барысында «TNS-INTEC» ЖШС бас директорының жеке пайда табу ниетімен сапасыз жабдықты жеткізгені әшкереленді. Сондай-ақ, ол орындалған жұмыстар туралы жалған актілерді рәсімдеп, сол арқылы аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны белгілі болды.

Бұл қылмыстық істі Алматы гарнизонының әскери соты қарады.

Сот үкімімен жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқаны үшін Алматы қаласы ТЖД басшысының үш орынбасары жауапқа тартылды. Олармен бірге жеткізілген жабдықтың сапасы мен сәйкестігіне тиісті бақылау жүргізбеген авторлық және техникалық қадағалау өкілдері де қылмыстық жауаптылық арқалады.

Сот барлық айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған қоса, сотталғандар мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарда белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Прокуратураның хабарламасында айыпталушылардың есімдері және оларға берілген нақты мерзімдер көрсетілмеген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий