Алматының сейсмотұрақтылығы енді сандық технологияның қырағы көзімен бақыланбақ
Алматыда өткен «Алматы 2035: таза ауа және тұрақты инфрақұрылым» форсайт сессиясы қаланың экологиялық жағдайын жан-жақты саралап, жаңа технологияларға сүйенген даму жолын анықтауға арналды. Бұл жиынды Ұлттық ғылым академиясы мен Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін осындай сессиялар еліміздің түрлі аймақтарында ұйымдастырылып, зерттеуді қажет ететін салаларға нақты ғылыми ұсыныстар жасалған. Бұл жолы талқылаудың негізгі тақырыбы ауа сапасы, қауіпсіз орта және «ақылды» қалалық басқару болды.
Сессияда алдымен қоғамдық тамақтану орындарының қаланың ауа сапасына әсері қаралды. Ғалымдар HoReCa секторының қала экономикасының бір бөлігі екенін мойындай отырып, оның көптеп ашылуы орталық аудандардағы ауа сапасын төмендетіп жатқанын айтты. Сарапшылар қоғамдық тамақтану нысандарынан шығатын зиянды қалдықтарды азайту үшін бірқатар бастама ұсынды. Олар сүзгілеу және желдету жүйелерін жаңартатын «Таза HoReCa» қалалық стандарты, ғылым, бизнес және әкімдік деректерін біріктіретін қалалық ауа зертханасы, нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін IoT сенсорлары, азаматтарға ашық көрсетілетін ластану картасы және мейрамханаларды «жасыл сертификаттау» бағдарламасы сияқты ұсыныстарды алға тартты. Бұл бастамалар бизнес пен қала экологиясының тепе теңдігін сақтайтын шешімдер болмақ.
Сессия қатысушылары «ауа қызмет ретінде» тұжырымдамасына да тоқталды. Бұл жүйе қаланың тазарту құрылғыларын орнатуға емес, ауаны тазарту нәтижесіне ақы төлеуге негізделеді. Мұндай тәсіл Алматының Орталық Азияда ауа сапасын «ақылды» технология арқылы бақылайтын алғашқы қалаға айналуына жол ашады. Сарапшылар мұндай шешім бизнес үшін де, қала үшін де тиімді екеніне назар аударды. Бұл модель арқылы экологияны жақсарту үшін нақты ынталандыру тетігі қалыптасады.
Форсайт сессиясында сейсмотұрақтылықтың цифрлық негізін құру мәселесі де кең талқыланды. Бұл бағыт инженерлік, геологиялық және кадастрлық деректерді ортақ платформада біріктіруді көздейді. ҰҒА Пәнаралық ғылымдар орталығының директоры Қуантар Әлиханов пікірін былай жеткізді:
«BIM, IoT және жасанды интеллект технологияларының көмегімен қауіпсіз қала мақсаттарына қол жеткізуге болады. Бұл технологиялар бірігіп жұмыс істесе, университеттер мен стартаптар үшін жаңа бағыттар ашылады. Осындай технологияларды тиімді енгізу қауіпсіздік жүйесін алдын ала болжау деңгейіне көтереді».
Алматының географиялық орналасуы бұл мәселенің маңызын арттырады. Тұрғын үй қорының жартысынан көбі ескі нормаларға сай салынған. Ескі ғимараттар көп. Халық саны артқан сайын құрылыс та көбейіп келеді. Әлемдік тәжірибеде қауіпсіздікті күшейту үшін кең тараған заманауи тәсілдердің бірі дәл осы цифрлық модельдеу. Сарапшылардың айтуынша, қос цифрлы тәуекел модельдері ғимараттардың деформациясын алдын ала болжауға және оларды нығайту шараларын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл қауіптің салдарынан гөрі, оның алдын алуға басымдық береді.
Сарапшылар «Urban Digital Twin» жүйесін мысалға келтірді. Сингапур, Хельсинки және Дубай сияқты қалалар осы технология арқылы қаланы толық цифрлық модельге айналдырып, қауіпсіздік пен жоспарлауды жетілдіріп отыр. Осындай жүйе Алматыда енгізілсе, қала Орталық Азиядағы «ақылды» басқару жүйесі бар алғашқы шаһарға айналуы мүмкін. Ғалымдар орталық аудандарда пилоттық жобалар жасап, негізгі нысандарға деформация мен діріл сенсорларын орнату қажет екенін айтты. Сонымен қатар сейсмотұрақтылықтың цифрлық картасы жасалып, сәулетшілер мен құтқару қызметінің қолжетімділігіне берілуі тиіс.
Сессия барысында мамандардың ойынша, мұндай технологиялар тек қауіпсіздікті ғана емес, ғимараттарды жөндеу шығындарын да азайтады. Бұл деректерге негізделген жаңа қалалық басқару мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі. Осы ұсыныстар Алматыны 2035 жылға қарай таза, қауіпсіз және заманауи қала ретінде дамыту мақсатымен үндеседі. Мұндай өзгерістер ғылым мен бизнеске ғана емес, қала тұрғындарына да жаңа мүмкіндік береді. Себебі тұрақты қаланың дамуы барша тараптың белсенділігіне байланысты.
Жиынға мектеп оқушылары мен студенттер де қатысты. Олар қоршаған ортаны бақылауға бағытталған мобильді қосымшалар және шығарындыларды автоматты түрде бақылайтын «жасыл кварталдар» туралы идеяларын бөлісті. Жас буын көтерген ұсыныстар олардың қала болашағына бейжай қарамайтынын және тұрақты даму қағидаттарын ерте меңгеріп жатқанын көрсетті. Осындай белсенділік Алматының келешегін жаңа қырынан қалыптастыруға үлес қосады.
Соңғы жаңалықтар