Алты жастағы бала перзентханада жаңа туған сәбиді өлтіріп алды

Францияның солтүстігіндегі Лилль қаласында бес күндік нәресте Зайнеб-Кассандра қайғылы жағдайда қаза тапты. Оқиға Жанна-де-Фландр ауруханасында болған. Бұл туралы Daily Mail және француз БАҚ-тары прокуратура мен куәгерлерге сілтеме жасап хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, алты жастағы бала нәрестені кереуетінен түсіріп жіберіп, сәби басымен еденге құлаған. Қыз бала ауыр жарақат алып, бірнеше күн өмірін аппарат көмегімен жалғастырғанмен, оны құтқарып қалу мүмкін болмады.
Прокуратураның мәліметінше, ресми өлім себебі — бас сүйегінің жарақаты.
Куәгерлердің айтуынша, баланың анасы да перзентханада жатқан, сондықтан ол ұлын үнемі қадағалай алмаған. Алты жастағы ұл бірнеше күн бойы бос жүрген, басқа сәбилерге тиіп, өзге палаталарға кіріп жүрген.
Шетінген сәбидің 23 жастағы әкесі Мохамед-Хамза ешкімге ашулы емес екенін айтқанымен, перзентхана әкімшілігінің әрекетсіздігіне наразы.
«Алты жастағы бала мұндай жауапкершілікке дайын емес. Бірақ қауіпсіздікке кім жауап берді? Персонал қайда қарады?» – деді ол журналистерге.
Қайтыс болған баланың анасы ауыр психологиялық жағдайда, тек туыстарының талабынан кейін ғана аурухана оған психологиялық көмек көрсетуге келіскен. Отбасы әзірге ресми шағым түсірмеген, бірақ әділдікке қол жеткізуге ниетті.
Соңғы жаңалықтар





