Анна Құдиярова: Ұлының бақытын ойлаған ана келінге келін болады

28.08.2026 10:42 Томирис САҒЫНДЫҚ
Анна Құдиярова: Ұлының бақытын ойлаған ана келінге келін болады
70
Фото: turkystan.kz

Психоаналитик Анна Құдиярова жас отбасылардың бөлек тұру маңыздылығы, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас мәдениеті және некедегі саналы адаптация туралы ой бөлісті. Сарапшы өз тәжірибесіне сүйене отырып, отбасылық жанжалдардың алдын алу мен психологиялық сауаттылықты арттырудың жолдарын атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Анна Құдиярова Асмира Ермекқызымен болған сұқбатта әңгімеледі.

Психолог жаңадан шаңырақ көтерген жастардың алғашқы жылдары оқшау өмір сүруі отбасылық іргетастың берік қалануына септігін тигізетінін айтады.

«Психолог ретінде менің қосарым: иә, олардың бөлек тұрғаны абзал. Неге? Мен мынаны түсіндіріп кетейін бірінші. Неге олар бөлек тұруы керек? Неге десеңіз, екі адам енді кездесті. Екеуінің отбасы екі түрлі болды. Мысалы, біреуі сүтсіз шай ішеді, біреуі сүтпен шай ішеді. Кішкентай ғана нәрсе. Ертең сол үшін екеуі төбелеседі. Осы себепті екі адам бір-бірін түсініп, бір отбасы болуы үшін, ең болмаса, бір 5-6 жыл бөлек тұрсын. Екеуі әбден пісіп-жетілді ме, ал енді енесіне де шыдайды, атасына да шыдайды, қайын әпкесіне де шыдайды. Ал бұлар екеуі өзара ортақ тіл тапқан жоқ, оларға мына жақта үстеген қайын енесі бар, қайын сіңлісі бар, қайын атасы бар, қайын інісі бар, барлығы жабылады да, сонымен екеуі бір-біріне әлі үйренбеген адамдарды таласып, екі жаққа тартып кетеді. Сондықтан ол заң емес, бұл... Мүмкін, «психологиялық заң» деп айтуға болатын шығар. Соны білсе ғой психологиялық заңдылықты! «Менің ұлым отбасында бір-ақ рет үйленсін, осы отбасында бақытты болсын» десе, онда мен ұлыма жағдай жасауым керек», — деді Анна Құдиярова.

Сұхбат барысында журналист кенже немесе жалғыз ұлдың қара шаңырақта қалуына қатысты дәстүрлі түсініктер туралы сұрақ қойды.

— Ал қазақи дәстүрлер бар ғой: Кенже ұл қалуы керек шаңырақта, болмаса жалғыз ұл шаңырақта міндетті түрде қалуы керек деген... — деді журналист.

Маман дәстүрге қарсы еместігін, бірақ бірге тұру үшін тараптардың психологиялық дайындығы мен өзара сыйластығы шешуші рөл атқаратынын жеткізді.

«Мен оған қарсы емеспін. Бірақ сіз психологиялық тұрғыда оған дайынсыз ба? Келіннің, мысалы, ертең нәзік келіннің талаптарына сіз сай келесіз бе? Ұлыңыз ертең үйленді, өзінің келіншегінің қасында шортимен, іш киіммен жүргісі келеді, сізбен бірге тұрса, ол қалай болады? Онда еркіндік қайда, бостандық қайда? А одан кейін сіз енесіз. Сіз, мысалы, өзіңіз бірдеңе жасағыңыз келеді, өзіңіздің кемшіліктеріңізді шығарғыңыз келеді, ал жас келін тұрғанда оны жасай аласыз ба? Проблема көбейіп кетіп жатыр, дау-дамай көбейіп кетіп жатыр. Сондықтан, мүмкін болса, әрине, бөлек-бөлек тұрған дұрыс. Ал енді бөлек тұра алмайсыз ба, үйіңіз жоқ, күйіңіз жоқ, онда қысатын жерді қысу керек, қысқартатын тілді қысқарту керек. Онда мына келін кетіп қалмасын деп, келінге келін болу керек. Енді психологиялық тұрғыдан ғой. Неге ондай болмасқа? Неге «ене болдым» деп шірейіп отыру керек екен? Бірақ қазір мен ойлаймын, психологиялық сауаты бар енелер де көбейіп жатыр. Неге десеңіз, қазір келіншектерде 30-35-те психологиялық мәдениеті бар, бірақ олардың енелері әлі 50-55 қой, әлі 70-80-ді айтпай-ақ қояйын, оларда психологиялық мәдениет жоқ болар, мейлі. Бірақ бір қуанышты жағдай, бағанағы «болашақ» дегендей, болашаққа мен кәміл сенемін. Оны да қазір жиі айтып жүрмін, неге десеңіз, біздің орталықта сол көрініс байқалып отыр. Бастауыш мектептің оқушылары қазір өзінің анасымен, өзінің әжесімен салыстырғанда, психологиялық сауаттылығы жоғары болып тұр», — деді психоаналитик.

Сондай-ақ Анна Құдиярова некедегі шыдамдылық ұғымын зомбылыққа төзумен шатастырмау керектігін, бұған екі жақтың да саналы шешімі ретінде қарау қажеттігін түсіндірді.

«Шыдайсыз. Мен бағана айттым ғой, ішіңізде жел жиналып қалса да, сіз бір жерден тарс еткізіп жібермейсіз ғой, шыдау керек. Белгілі бір жерде шыдайсыз. Неге десеңіз, сіз бұрын жалғыз өзіңіз, ерке болып өстіңіз. 2 метр, 3 метр кереуетте былай жаттыңыз. Ал енді күйеуге шықтыңыз. Кереует бәрібір сондай — 2 метр, 3 метр. Бірақ енді қасыңызда екінші адам жатуы үшін сіз саналы түрде жинақталуыңыз керек қой. Неге десеңіз, сіз бұрынғыдай шалқая берсеңіз, онда отбасы болмайды. Міне, сонда сіз шыдайсыз. Кеше 20 жыл, 25 жыл бұлай жатқаныңызды енді өзіңіз саналы түрде қозғалып, қасыңызға екінші адамды жатқызасыз. Бірақ жігітте де дәл солай. Ол да шалқая жатқан ғой. Ал енді шыдау керек. Кереуеттің де, жастықтың да тек жартысына ғана жатады. Ол — шыдамдылық болады. Ол — саналы түрдегі шыдамдылық. Ол «мені ұрып жатыр, мені буып жатыр, бұға берсең, сұға береді» деген шыдамдылық емес, бұл — саналы шыдамдылық. Сонда ғана ортақ тіл табамыз, сонда ғана отбасы шайқалмайды. Сонда ғана бағанағы сіз айтқан «зорлық-зомбылық» болмайды. Ол мені зорламайды ғой: «Әрі кетші, ары жатшы» деп айтпайды. Мен өзім саналы түрде алатын орнымды да, алдымды да босаттым. Бірақ ол жақсы емес пе, құшақтасып жатқан?» — деді психоаналитик.

Войдите, чтобы оставить комментарий