Ақтауда лицей директорының әйелі еден жуушының шелегін теуіп жіберген (ВИДЕО)

Ақтауда лицей директорының әйелі еден жуушының шелегін теуіп жіберген (ВИДЕО)
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Ақтаудағы жекеменшік «Тұлпар» лицейінде болған оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желіде оқу орны директорының әйелі Зухре Челиктің тазалықшы әйелдің еден жуып жүрген шелегін теуіп жіберген сәті түсірілген видео жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Видеодан әйелдің еден жуып жүрген қызметкерге қатысты әрекеті байқалады. 

Әлеуметтік желідегі жазба авторларының мәліметінше, ол тазалықшы пайдаланып жүрген су толы шелекті әдейі теуіп жіберген.
Желі қолданушылары бұл әрекетті еден тазалап жүрген жұмысшыны қорлау деп бағалады. 

Білім басқармасы не дейді?

Аталған жағдайға байланысты Маңғыстау облыстық білім басқармасы ресми түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, Ақтау қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, мән-жайды тексеруге кіріскен.

«Тексеру барысында барлық тараптың түсініктемелері тыңдалып, жағдайға тиісті құқықтық және ұйымдастырушылық баға беріледі. Зерделеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады», – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.

Сондай-ақ ведомство бұл мәселе тікелей бақылауға алынғанын атап өтті.

Видеоның астына пікір қалдырған жұртшылық мектеп директорының жұбайын қатаң жауапқа тартуды сұрап жатыр.

«Директордың әйелін жазалау керек. Өзінің мектебінде алты ай бойы еден жусын»,  – деп жазды қолданушылардың бірі. Ал өзге пікір білдірушілер мұндай озбырлыққа жол берген мектеп директорының өзін де қызметінен босату қажет екенін айтып, талап қоюда.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу