"Әншілік жексұрын мамандық па?": Тамара Асар өзін сынағандарға жауап берді

13.07.2026 13:57 Мөлдір ҚАЙНАР
294
Фото: instagram/tamara_assar_official

Әнші Тамара Асар партия қатарына кіріп, кандидаттыққа ұсынылғаннан кейін өзіне сын айтқан желі қолданушыларына жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі бұл жаңалықтың қоғамда үлкен талқылау тудырғанына таңғалысын білдіріп, әр адамның елге қызмет етуге құқығы бар екенін айтты.

“Әншілік мамандықтың партияға мүше болып, кандидаттыққа ұсынылуы осынша қоғамда диссонанс туғызғаны ерекше құбылыс. Демек белсенді жазғыштардың түсінігінде өнер адамы, саясаттан, қоғамдық жұмыстан ада жүруі керек деген ой бар ма?” – деді Тамара Асар өзінің желідегі парақшасында.

Ол партия ұсынысын қабылдауға өмірлік тәжірибесі мен білімі жеткілікті екенін алға тартып, сайлау науқанының әлі толық басталмағанын ескертті. Сондай-ақ кандидат болу әлі депутаттықты білдірмейтінін, сондықтан асығыс пікір жазудың қажеті жоқтығын жеткізді.

“Жақсы айтты деп сүйінбе, жаман айтты деп күйінбе. Сүйінсең масаттанып кетесің, күйінсең өзіңді жоғалтасың – деп еді әкем”, – деп жазды әнші өзін қолдағандар мен сынағандардың екеуіне де алғыс білдіріп.

Войдите, чтобы оставить комментарий