Сауд Арабиясындағы әуежайға шабуыл жасалды: 12 адам қаза тауып, 309 адам жараланды
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған кезекті шабуылдан 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алды,деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиғадан кейін әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылды.
БАҚ мәліметінше, зымырандар әуежайдың үшінші және төртінші терминалдарына түскен. Салдарынан нысанға айтарлықтай зақым келіп, ғимарат шатырының бір бөлігі опырылған. Сол сәтте терминал ішінде болған адамдар зардап шеккен.
Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасы әуежай жұмысы келтірілген залалды бағалау және қауіпсіздік талаптарын тексеру аяқталғанға дейін тоқтатылғанын хабарлады.
AFP агенттігінің дипломатиялық дереккөзі шабуылды Йемендегі хуситтер жасағанын мәлімдеген. Айта кетейік, 8 қазанда хуситтер әуежайға бағытталған бірқатар соққы үшін жауапкершілікті өз мойнына алған. Ол кезде үш адам қаза тауып, ұшақтардың біріне зақым келгені хабарланған.
Шабуыл туралы ресми ақпарат жарияланбай тұрып-ақ кейбір шетелдік елшіліктер өз азаматтарын әуежайға және оған жақын аумақтарға бармауға шақырған. Олардың қатарында АҚШ елшілігі де бар.
Жергілікті аурухана көздерінің бірінің мәліметінше, әуежайдағы шабуылдан зардап шеккен бес адам жансақтау бөлімінде жатыр. Жалпы жараланғандар саны жүздеген адамға жеткен.
Хуситтер бұған дейін де Сауд Арабиясының әуежайларына, мұнай нысандарына және танкерлеріне бірнеше рет шабуыл жасаған. Бұл оқиғалар Эр-Рияд қолдайтын Йемен үкіметімен арадағы ұзаққа созылған қақтығыс аясында болып отыр. Шілде айында тараптар арасындағы бітімнің бұзылуынан кейін шабуылдар қайта күшейгені хабарланды.
Қазір әуежайдағы қауіпсіздік жағдайын бағалау және келтірілген залалды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар