Қайрат Нұртас концертіне қатысты қылмыстық іс қозғалды: 8 адам зардап шекті
Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде көрермендер арасында итеріс пен кептеліс болып, 8 адам медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Halyqstan” Telegram арнасына сілтемемен.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға 10 қазанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда болған. Әншінің өнерін тамашалауға жиналған көпшілік стадионға кіруге ұмтылып, кіреберіс маңында адам шамадан тыс көбейген. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, көрермендер арасында қатты итеріс болып, кейбір адамдар құлап қалған. Тіпті қолында билеті бар азаматтардың өзі концертке кіре алмағаны айтылды.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық көмекке жүгінген 8 адамның жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілген. Ал 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
«Бір адамнан басқасының барлығы тексеруден кейін үйлеріне жіберілді. 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Таңертеңгі жағдай бойынша оның хал-жағдайы біршама жақсарғанымен, әлі де тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, мамандардың бақылауында», – деп хабарлады ведомство.
Оқиғаға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді.
Полицияның хабарлауынша, концертті ұйымдастырушылар бөлімшеге жеткізілген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Билеттерді сатумен айналысқан Freedom Афиша компаниясы да жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Компания зардап шеккендер туралы ақпаратқа алаңдаушылық білдіріп, құқық қорғау органдарымен ынтымақтасуға дайын екенін жеткізді. Олардың мәліметінше, концерттің ұйымдастырушысы – Show Service компаниясы. Ал Freedom Афиша билеттерді сатумен қатар, алаңда билеттерді тексеру және білезіктер тарату жұмыстарын атқарған.
Әзірге Қайрат Нұртас оқиғаға қатысты көпшілік алдында пікір білдірген жоқ.
Соңғы жаңалықтар