"Антикор маған өлім үкімін шығарды": Алматының бұрынғы бас сәулетшісі сотта соңғы сөзін айтты

Алматы қаласының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджанов сот отырысында соңғы сөзін айтып, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ахмеджанов лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен сотқа тартылуда. Прокуратура оны заңсыз құрылысқа рұқсат берді және мемлекетке 500 млн теңге шығын келтірді деп айыптауда.
"Антикоррупциялық қызмет пен прокуратура заң мен тәртіпті басқаша түсінеді екен. Бұл менің соңғы сөзім болуы мүмкін. Олар маған өлім үкімін шығарды. Өйткені менің денсаулығым мұны көтере алмайды", – деді Ахмеджанов.
Ол екі жыл бойы моральдық және физикалық қысым көргенін мәлімдеді.
"Олар мені екі жыл бойы азаптады. Денсаулығым нашар болса да, үйқамаққа жіберуден бас тартты. Бұл – өміріме тікелей қауіп төндіру", – деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ, ол өз ісінде тек жергілікті билік органдарының шешімдерін орындағанын атап өтті.
"Қала әкімдігі барлық нормативтік-құқықтық актілерді бекітті. Егер жауапқа тартатын адам болса, ол – әкімдік басшылығы. Келесі кезекте солар жауап беруі керек", – деді ол.
Ахмеджанов сәулет саласын дамытуды мақсат еткенін, бірақ Қазақстанда заңсыздықтың кең етек жайғанын айтты.
"Мен құрылыс және сәулет саласындағы бюрократияны жоюға тырыстым. Бірақ бұл жүйеде заңдылық жоқ екенін түсіндім", – деді экс-шенеунік.
Алмасхан Ахмеджанов 2023 жылдың шілде айында ұсталды. Антикоррупциялық қызмет Алматы маңындағы заңсыз құрылысқа рұқсат бергені үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғады.
Тергеу кезінде оның операциядан кейінгі реабилитацияға мұқтаж екені анықталды, бірақ тергеу изоляторында оған қажетті медициналық көмек көрсетілмеген.
Соттың түпкілікті шешімі жақын арада жариялануы тиіс.
Ақпарат informburo.kz сайтынан алынған.
Соңғы жаңалықтар





