Антикорды басқарған шенеуніктің әйелінен Дубайда қымбат пәтер табылды

25.12.2025 11:37 Арман Ермеков Арман Ермеков
Антикорды басқарған шенеуніктің әйелінен Дубайда қымбат пәтер табылды
0
776
Фото: ашық дереккөз

Антикордың бұрынғы басшысының отбасынан Дубайда құны 800 миллион теңгелік мүлік табылды, деп хабарлайды «Выход к морю» telegram арнасы.

Арнаның хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің бұрынғы басшысы Шыңғыс Қабдуланың отбасы Біріккен Араб Әмірліктерінде элиталы жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Дубай қаласындағы Марина ауданындағы зәулім ғимаратта орналасқан апартамент шенеуніктің жұбайы Әсел Сатыбалдықызының атына жазылған.

Дереккөз мәліметінше «DAMAC Residenze» атты кешеніндегі қымбат баспананың қазіргі нарықтағы бағасы шамамен 800 миллион теңгеге немесе 1,4 миллион долларға бағаланады. Жалпы биіктігі 85 қабаттан тұратын ғимараттың терезелері әйгілі «Пальма Джумейра» жасанды аралына қарайды. Шыңғыс Қабдула мен Әсел Сатыбалдықызының иелігіндегі пәтер 19-қабатта орналасқан. Жоба бойынша онда екі жатын бөлме, кең қонақ бөлмесі және кең балкон қарастырылған. Сонымен қатар жерасты паркингінде бір автокөлікке арналған орын бар.

Жылжымайтын мүлік иелерінің жарияланып кеткен дерекқорындағы телефон нөмірі мен электрондық поштаға сүйенсек, бұл отбасына үй алуға қазақстандық WWT Group агенттігі көмектескен. Мәміле жасалған 2018 жылы пәтер құны 720 мың долларды құраған. Дәл сол жылы Шыңғыс Қабдула қызметтік сатымен өсіп, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына ауысып, басшысының орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.

Кейіннен 2020 жылы ол қайтадан елордалық департаментті тізгіндеп, 2022 жылдың наурызында Назарбаевтар әулетіне жақын адамдарды биліктен тазалау барысында қызметінен босатылған еді.

Журналистердің зерттеуінше бұрынғы басшының әйелі Әсел Сатыбалдықызы - Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені және Қайрат Сатыбалдының қарындасы. 2022 жылы оның ағасына қатысты қылмыстық іс қозғалған тұста Әсел де тергеуге ілікті. Құзырлы органдар оның туыстық байланысын негізге ала отырып, Астанадағы мүлкіне, атап айтқанда автокөлігі мен бірнеше жер теліміне тыйым салған. Қайрат Сатыбалды алты жылға сотталғаннан кейін бір жыл өткен соң қарындасы мүлікке қойылған шектеуді алып тастауға талпынып, ағасының істеріне қатысы жоқ екенін дәлелдеуге тырысқанымен, сот шешімі өзгеріссіз қалды.

Айта кететін жайт, Қайрат Сатыбалды мен оның жақындарының да Дубайда активтері бар екені анықталды. SHAMS-4 тұрғын үй кешенінде Қайраттың өз атына 8-қабаттағы бір пәтер тіркелген. Ал оның бейресми жұбайы Әсел Бақтиярқызының атында 3 және 9-қабаттарда орналасқан үш бірдей пәтер бар болса, тағы бір әйелі Саида Қанатбекқызы осы ғимараттағы екі пәтерге иелік етеді.

Бұл мүліктердің мемлекетке қайтарылған 1,6 миллиард долларлық активтер тізіміне енген-енбегені әзірге белгісіз. Активтерді қайтару жөніндегі комитет тек Біріккен Араб Әмірліктерінен құны 20 миллиард теңге болатын екі вилланың қайтарылғанын ғана хабарлаған еді. Жалпы алғанда 2022 жылғы жағдай бойынша қазақстандықтар Дубайда жалпы құны 1 миллиард долларды құрайтын 2700 жылжымайтын мүлік нысанына иелік етеді. Олардың қатарында жоғары лауазымды шенеуніктер, саясаткерлер мен бизнесмендер бар. Тек экс-президенттің жақын шеңберіндегі адамдар ол жақтан ондаған миллион доллардың активтерін жинап үлгерген.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Выход к морю» арнасы Қазақстандағы телефон тіркеудің артында Қарағандылық депутат мен Назарбаевтардың ізі тұрғаны жайлы хабарлаған еді.

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий