«Апатқа дейін не болған?»: Пакпен бірге болған куәгер сотта күтпеген жайттарды айтты

19.06.2026 13:06 Әсел МҰРАТ
«Апатқа дейін не болған?»: Пакпен бірге болған куәгер сотта күтпеген жайттарды айтты
185
Фото: ашық дереккөз

19 маусымда мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта Алматыдағы адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша маңызды куәгер Әсет Жақсылықовтан жауап алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол қайғылы оқиға болған түні Александр Пакпен бірге болған.

Сот отырысында ең көп талқыланған мәселе – Александр Пак пен куәгердің жолда жарысқан-жарыспағаны болды.

Әсет Жақсылықовтың айтуынша, 20 наурыз күні кешкі сағат 23:00 шамасында ол Александр Пак отырған мейрамханаға барған. Біраз уақыттан кейін үйіне қайтып бара жатқанда жолда Пактың көлігін тағы көрген.

«Мен келген кезде үстелде төрт адам отырды, кейін тағы екі адам қосылды. Әңгімелесіп отырдық. Өзім газдалған сусын іштім. Үстелде графиндер мен стақандар болды, бірақ Александрдың нақты не ішкенін айта алмаймын. Сағат 03:20 шамасында жігіттермен қоштасып, үйге қарай жолға шықтым. Шамамен сағатына 50-60 шақырым жылдамдықпен келе жаттым. Достық пен Қажымұқан көшелерінің қиылысында Александр мінген Zeekr көлігін көрдім. Ол бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап тұрған. Жасыл жанғанда қозғалды, бірақ мен өз жылдамдығымды өзгертпей-ақ оны басып оздым. Кейін оның аздап баяулағанын, артынша қайта жылдамдық қосып, оза бастағанын байқадым. Мендіқұлов көшесіне жақындағанда қалың шаң көтерілгенін көрдім. Содан кейін қарсы бағытта Mercedes пен Zeekr көліктері соқтығысқан жол апатын байқадым. Көлігімді Назарбаев даңғылының бойына қалдырып, оқиға орнына жүгіріп бардым. Александрға алғашқы көмек көрсетуге тырыстым. Оның басы мен аяғынан жарақат алғанын көрдім. Басқа куәгерлер де келді. Өз көлігіммен ауруханаға апармақ болған едім, бірақ сол сәтте жедел жәрдем жетіп үлгерді. Александрды алып кеткен соң қай ауруханаға жеткізгенін анықтап, өзім де сонда бардым», – деді куәгер.

Жауап алу барысында Әсет Жақсылықов оқиға болған түні қызметтік Hyundai Palisade автокөлігін жеке мақсатта пайдаланғанын мойындады. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзып, қос тұтас сызықты кесіп өткенін де жасырмады.

Белгілі болғандай, ол басқа бір қылмыстық іс бойынша да күдікті ретінде танылған. Оған Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік әрекетсіздік фактісі бойынша айып тағылған.

Еске салайық, 19 маусымда бұл қылмыстық іс бойынша тағы бір жәбірленуші – жол апатынан қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі ресми түрде жәбірленуші ретінде танылып, сотта мәлімдеме жасаған болатын.

Осылайша, іс бойынша барлық куәгерлерден жауап алу аяқталды. Енді сот жарыссөзі өтеді. Сол кезде мемлекеттік айыптаушы сотталушыға қандай жаза тағайындауды сұрайтынын жариялайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий