Ақтауда танымал блогер қамауға алынды (ВИДЕО)
Маңғыстау облысында Instagram арқылы Қытайдан арзан бағамен тауар жеткізуге уәде беріп, сатып алушылардың ақшасын иемденді деген күдікке ілінген адам ұсталды. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Полицияның мәліметінше, күдікті әлеуметтік желіде Қытайдан түрлі тауарларды, соның ішінде премиум санаттағы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан сататыны туралы жарнамалар жариялаған.
Жарнаманы тарату үшін 360 мыңнан астам оқырманы бар танымал Instagram парақшасының иесі де тартылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, жарияланымдарда тауарлардың бар екені, сапасы және Қазақстанға жеткізілетіні туралы ақпарат берілген.
Жарнаманы көрген азаматтар көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, тапсырыс берген. Тауар ақысын жеке кәсіпкердің шотына аударғанымен, сатып алушыларға жеткізу қызметі көрсетілмеген.
Тергеу мәліметінше, түскен ақша тауар сатып алуға емес, жеке мақсаттарға жұмсалған болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникаға тапсырыс беріп, ақшасын аударған бірнеше жәбірленуші анықталған. Полиция өзге де зардап шеккен азаматтардың бар-жоғын тексеріп жатыр.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексnің 190-бабы, яғни алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Маңғыстау облысының полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желі арқылы сауда жасағанда сақ болуға шақырды. Құқық қорғау органдары сатушы туралы ақпаратты тексеріп, тауардың бар екеніне көз жеткізбей тұрып, белгісіз адамдардың шотына ақша аудармауға кеңес береді.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланған жоқ.
Соңғы жаңалықтар