Сәтбаевта «Қазақмыс» жұмыскерлеріне арналған жаңа оқу полигоны ашылды

Сәтбаевта «Қазақмыс» жұмыскерлеріне арналған жаңа оқу полигоны ашылды
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Сәтбаевта «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жұмыскерлеріне арналған жаңа оқу-өндірістік полигон ашылды. Ол компанияның Ғ. О. Омаров атындағы шахта қазу тресіне қарайды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа полигонда мамандар өндірістегі жұмысқа барынша жақын жағдайда жаттығады. Негізгі мақсат қауіпсіз жұмыс істеу тәсілдерін үйретіп, жұмыскерлердің кәсіби біліктілігін арттыру.

Полигонда 9 бағыт бойынша оқытылады. Олар шахта құрылысына қажетті негізгі жұмыстарды қамтиды.

Мамандар тау-кен және күрделі тау-кен жұмыстарын орындауды, электр жабдықтарын орнатуды, сорғы қондырғыларына қызмет көрсетуді, дәнекерлеуді және жүкті арқанмен бекітуді үйренеді. Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану мен биіктікте жұмыс істеу дағдыларын да жетілдіреді.

Өрт қауіпсіздігі мен дәрігер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған бөлек оқу бағыттары қарастырылған.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жаңа полигон жұмыскерлердің біліктілігін арттырып, қауіпсіз еңбек ету дағдысын қалыптастыруға көмектесетінін айтты.

«Қазақмыс үшін әрбір жұмыскердің өмірі мен денсаулығын сақтау – ерекше басымдыққа ие. Әр жұмыскердің артында оның үйге аман-есен оралуын күтетін отбасы мен жақындары бар. Сондықтан жұмыскерлер қажетті дағдыны тікелей өндірісте қолданбас бұрын, оны қауіпсіз оқу жағдайында меңгеріп, тәжірибе жүзінде пысықтауы қажет. Полигон білім мен тәжірибені ұштастыратын, ал қауіпсіз жұмыс әдістері кәсіби дағдыға айналатын орын болуы тиіс», деді Руслан Өскенәлі.

Жас мамандар полигонда тәжірибелі тәлімгерлердің жетекшілігімен оқиды. Ал еңбек өтілі бар жұмыскерлер біліктілігін жетілдіріп, күрделі өндірістік жағдайларды талдауды және дұрыс әрекет етуді үйренеді.

Полигонның ашылуында қонақтарға негізгі бағыттар бойынша тәжірибелік сабақтар көрсетілді.

Айта кетейік, «Қазақмыс» корпорациясы 2026 жылды Қауіпсіздік жылы деп жариялаған. Компания өндірістік қауіптің алдын алуға, еңбек жағдайын жақсартуға, жұмыскерлерді оқытуға және басқарудың барлық деңгейінде қауіпсіздік мәдениетін дамытуға көңіл бөліп отыр.

Компания мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы 9 айында өз қызметкерлерінің өндірісте жарақат алу деңгейі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 40%-ға төмендеген.

Осы аралықта компания жұмыскерлері арасында адам өліміне әкелген жазатайым оқиға тіркелмеген.

«Қазақмыс» бұл көрсеткіштер өндірістегі қауіпсіздік шараларын бәсеңдетуге негіз болмайтынын мәлімдеді. Компанияның басты міндеті жазатайым оқиғалардың алдын алып, жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек жағдайын жасау болып қала береді.

Бұған дейін осындай оқу полигоны Балқашта ашылған. Сәтбаевтағы жаңа алаң да тұрақты жұмыс істеп, мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге және өндірістік тапсырмаларды қауіпсіз орындауға үйретуге арналған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу