Ақмола облысында отбасын балталап өлтірген ер адамға сот үкім кесті
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында төрт адамды аяусыз өлтірген Аршалы ауданының тұрғынына қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот жасалған қылмыстың толық дәлелденгенін танып, оны арнайы психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуге шешім қабылдады.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы наурызда айыпталушының анасының үйінде болған. Ұялы телефонның бұзылуына байланысты айыпталушы мен оның жиені арасында жанжал шығып, туысы полиция шақырған. Алайда анасы араша түсіп, тәртіп сақшыларын қайтарып жібереді. Осыған ашуланған ер адам полиция кеткен соң ас үй балта-пышағымен үйдегілерге тап берген. Салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген екі қария оқиға орнында көз жұмды.
Сотта анықталғандай, айыпталушы 2023 жылдан бері «параноидты шизофрения» диагнозымен есепте тұрған және бұған дейін де мәжбүрлеп емделген. Сараптама қорытындысы оның қылмыс кезінде өз әрекетіне жауап бере алмағанын көрсетті. Сот қаулысымен ол есі дұрыс емес күйде қоғамға қауіпті іс-әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қарқынды бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарға орналастырылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар