Ақмола облысында сібір жарасы карантинін бұзғандарға қарсы 32 әкімшілік іс қозғалды

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақмола облысының Атбасар ауданында тіркелген сібір жарасы ошағын жою бойынша атқарылған кешенді іс-шаралар туралы мәлімдеді. Ведомство бұл туралы редакцияның ресми сауалына берген жауабында хабарлап, індеттің таралуына жол бермеу үшін қабылданған шараларды нақтылады.
Ауру алғаш рет Атбасар ауданының Шұңқыркөл мен Ярослав ауылдық округтерінде тіркеліп, екі ірі қара малдың өлімімен белгілі болған. Осыдан соң ауданда дереу карантин енгізілген. Санитарлық талаптарға сай, өлген малдардың өлексесі өртеліп, арнайы қорымға көмілген.
Індеттің таралуына жол бермеу үшін 39 ветеринар мен 8 техника жұмылдырылып, ауыл кіреберісіне дезинфекциялық бекеттер қойылған. Мамандар жеке аулаларды түгел залалсыздандырып, жалпы көлемі 7 мың шаршы метр жерге тазарту жұмыстарын жүргізген.
Ауру ошағынан 2,4 тонна қауіпті ет өнімі тәркіленіп, жойылған. Оның ішінде дүкен сөрелерінен алынған 730 келі ет те бар.
Мамандар ауру тарауы мүмкін деген барлық малға екпе салды. Ветеринарлар 20 312 бас малды, атап айтқанда 4 888 ірі қараны, 11 544 ұсақ малды, 3 437 жылқыны және 443 шошқаны сібір жарасына қарсы екті.
Карантин тәртібін бұзғандарға 32 әкімшілік іс қозғалып, 1,6 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Министрлік қазіргі таңда дүкендерге түсіп жатқан ет өнімдерінің қауіпсіздігіне күн сайын бақылау жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Әр ет өнімі міндетті түрде ветеринарлық сараптамадан өтуі тиіс. Сонымен қатар, сатылымға шығарылатын мал өнімдерін QR-код арқылы тексеруге мүмкіндік беретін арнайы цифрлық жүйе енгізілмек. Бұл жүйе малдың туғанынан бастап, сойылып, дүкен сөресіне дейінгі жолын толық бақылауға мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтар





